Жыр елі – Жыраулар үйінің ресми сайтына қош келдіңіз!
Жыраулар үйі – сыр сүлейлерінің сөз саумалын сіміріп ішіп, қанмен келген қасиеттің қадіріне бойлаған өнерлі жыршы-жыраулардың бас қосатын құтты шаңырағы. Жыр елін тай-тұлпары аламанда бәйге алып, жүз шайыры жыр жорғалатқан киелі мекен, мәдени мұраның мәуелі бағы дерсің. Қорқыт бабамыздың табанының табы қалған қасиетті жердің қойнауы сыр мен жырға бай екені бесенеден белгілі. Сыр халқы Алты Алашқа аты мәшһүр Ешнияз сал, Балқы базар, Жиенбай, Дүр Оңғар, Нартай, Жаңаберген, Дәріғұл, Нұртуғандардан бастау алған жыраулық өнерге тұмарындай тәу етіп, кешегінің ізімен келешегін жалғап, тарихын алтындай бағалай білген қашанда. Керек десеңіз, жыраулық өнерді – тәрбие бастауына балаған. Себебі, әрбір жыр, терме, толғау, дастанның астарында жыраудың көзімен өмірдің өзінен алынған сүбелі сөз, астарлы ой, өрелі өсиет жатыр. Түйсігіңмен тыңдай білсең, жан сарайың ашылып, рухани азық аласың. Алтын тін арқау жібін үзбей жеткен жыраулық өнердің көш керуені, бүгінмен қанаттасып, ертеңмен сабақтасатын саф өнер.
Жыраулар үйінің кіреберісінде түркі халықтарының ортақ ұлы ойшылы, жырау, күй атасы – Қорқыт бабамыздың бейнесі және Жанкент, Сауран, Шірік-Рабат сынды көне қалаларының понорамалық композициясы суреттелген. Дәліз қабырғаларына Қорқыт Ата, Асан қайғы, Бұқар жырау, Ешнияз сал, Базар жырау, Рахмет Мәзқожаев, Бұдабай Қабылұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Жәмет Сайымұлы, Жаңаберген Бітімбайұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, жыраулық өнер зерттеушілері Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев және Мардан Байділдаевтардың суреттері ілінген. Сонымен қатар, Жыраулар үйінің әлеуметтік желі парақшаларына тікелей сілтеме жасайтын QR код тақтайшалары орналасқан. «Инфокиоск» ақпараттық тақтасында жыраулар үйіне қатысты барлық мәліметтер енгізілген. «Сыр сүлейлері» музейлік залы, сыйымдылығы 24 адамдық конференция залы, 60 адамға лайықталған көрермен залы, 1 дыбыс жазу студиясы және дәстүрлі орындаушылардың дайындық бөлмесі, қызметтік кабинеттер бар.