СЫР БОЙЫНДАҒЫ ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР

 

          Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі (V-VIII) сына тасқа қашап жазылган Тоныкөк пен Күлтегінге арналған мадақ жырлары мен VIII-IX ғасырлардағы Қорқыт Атаның даналыққа толы абыз жырлары адамзат мәдениетінің ортақ мұрасы. Қазақ даласындағы жыраулық дәстүрдің тарихи бастауы болып табылады.

          Жырау – синкретті, кәсіби, дара, тұлғалық өнер шоғыры. Қазақ елінің тарихында Кетбұға, Сыпыра, Бұқар жыраулар бастаған жұлдызды топ өз дәуірлерінің саяси-әлеуметтік іс-шараларына белсене араласқан кемеңгер тұлғалар болды. Бүгінгі таңда эпикалық өнер иелерінің коғамдағы саяси-әлеуметтік үлес салмағын айқындап, ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық рухани ағартушы, жетекші тұлға болып кемелденуіне баса назар аударуымыз шарт.

          Осыған орай 1998 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдар тобы (жетекші авторы А. Н. Алматов) 0621 – «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығының мемлекеттік стандартын, оку жоспарын, оның толық оқу- әдістемелік кешенін жасап шықты.

          Ол Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт министрлігінің 08.05.1998 жылғы № 115 бұйрығымен бекітіліп, жоғары оқу орнындағы арнаулы мамандық есебінде классификаторға енгізілді.

          Нәтижесінде халық орындаушылары жыршы, жыраулар мемлекеттік мәртебеге ие болып, еліміздегі басқа мамандық иелері секілді өз өнерлерін ғылыми-педогогикалық, әдістемелік және кәсіби орындаушылық тұрғыдан зерттеп тануға және еліміздің жоғары оқу орындарында арнайы кәсіби білікті маман есебінде білім алуға қол жеткізді.

          Қазірде Сыр бойында Жиенбай, Нұртуған, Нартай мақамдарына негізделген жыраулық өнердің үш мектебі бар:

ЖИЕНБАЙ ЖЫР МЕКТЕБІ

 

          Жиенбай жырау мектебі Қармақшы өңіріне тән. Қармақшы жыраулық дәстүріндегі негізгі ерекшелік ретінде дауыстың немесе ондағы мақам саздың көмейден шығатынын айтып өтуге болады. Бұл мектептің негізгі өкілдері ретінде Жиенбай, Рүстембек, Әбділдә, Балқашбай, Мұзарап, Көшеней, Бидас, Алмасбектей жырауларды атап өтуге болады.

          Бүгінде бұл мектепті ары қарай Руслан Ахметов, Ұлжан Байбосынова, Амандық Бүрлібаев, Серік Жақсығұлов, Әділхан Қуаңбаев, Күнсұлу Түрікпен тағыда басқа жас жыраулар жалғастырып келеді.

          Қармақшы аудандық «Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында Жиенбай жырау мектебі үлгісінде қалыптасқан 9 жыр-терме үйірмелері жұмыс жасайды.

 

Қатысушылар саны- 162.

1. Көшеней жырау атындағы үйірме – жетекшісі Ә.Ешбаева

2. Тасберген жырау атындағы үйірме – жетекшісі А.Азаматов

3. Жиенбай жырау атындағы үйірме – жетекшісі Д.Тоқсанбаев

4. Рүстембек жырау атындағы үйірме – жетекшісі Б.Бидебаев

5. Базар жырау атындағы үйірме – жетекшісі Р.Өтегенов

6. Қобыз үйірмесі – жетекшісі З.Жаңабергенов

7. Тұрмағамбет атындағы ақындар үйірмесі – жетекшісі Н.Наурызбаева

8. Ешнияз сал атындағы үйірме – Ә.Мырзағали

9. Машарап Әли атындағы жыр үйірмесі – жетекшісі А.Бүркітбай

 

Қармақшы ауданы білім бөліміне қарасты «Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынында 4 жыр-терме кластары бар.Оған қатысушылар саны -39.

1. Т.Салқынбайұлы атындағы Өнер мектебінің жыр-терме класы – жетекшісі Ж.Тұрымбетов

2. Ақжар ауылы,  № 28 орта мектебінің жыр-терме класы – жетекшісі С.Амантаев

3. Дүр Оңғар ауылы, № 107 орта мектебіндегі жыр-терме класы – жетекшісі Ә.Сүлейменов

4. №113 Қаракөл орта мектебінің жыр - терме класы– жетекшісі Э.Мыңжанова

 

НҰРТУҒАН ЖЫР МЕКТЕБІ

 

          Арал өңірінде Нұртуған мектебін 1910 жылдар шамасында Нұртуған Кенжеғұлұлы негізін қалаған. Ол ел аралап, өлеңдерін табанда шығарумен айналысып жүрген дарынды жас ақындарды үйіне жинаған. Оларға 10 тармақтан тұратын қатаң талап қойылады. Ақынның 4 дастаны мен ондаған өлеңдерін жатқа айтатын алғашқы шәкірттерінің бірі – Бақытжан Жұбаназарұлы (1927 жылы 28 жасында өлді) болды. Одан басқа Жаңаберген, Дәріғұл, Еңсепбай, Көпжасар, Құлжан, Смағұл, Әбілхан, Кәрібоз, Жәмет, т.б. болды.

          Жәмет Сайымұлы Нұртуған мұраларын жеті күн жырлап, мектептің алтын босағасын 60-шы жылдарға дейін ұстап келген. Осы дәстүрлі мектептің жолын ұстанған ақын-жыраулар Арал, Қазалы аудандары, Ақтөбе облысы, Қарақалпақ жерлерінде көп кездеседі.

          Бүгінгі таңда «Арал аудандық мәдениет орталығы» комуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында Нұртуған шайыр мектебі үлгісінде қалыптасқан 8 жыр-терме үйірмелері жұмыс жасайды.

 

Қатысушылар саны – 153.

1. Жаңаберген жырау атындағы жыр-терме үйірмесі–жетекшісі А.Тәңірбергенов

2. Дәріқұл жырау атындағы жыр -терме үйірмесі – жетекшісі Ғ.Өмірзақов

3.Нұртуған шайыр атындағы жыр-терме үйірмесі – жетекшісі Г.Бейсова

4. Әбілхан Маханов атындағы жыр-терме үйірмесі – жетекшісі А.Сүйеуова

5. Жақсан жырау атындағы жыр-терме үйірмесі – жетекшісі А.Жоламанов

6. Рысбек Әшімов атындағы жыр-терме үйірмесі – Жетекшісі Л.Көптілеуова

7. Ғ.Садықова атындағы дәстүрлі ән үйірмесі – жетекшісі С.Орынбасарова

8. Қобыз үйірмесі – жетекшісі А.Кимбаева

 

НАРТАЙ МЕКТЕБІ

 

          Шиелі жерінен бастау алатын Нартай мектебінің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған – белгілі халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежанов. Нартайдың ақындық, композиторлық, әншілік өнері оның көзі тірісінде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленіп, баршамызға танымал болған. Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Шөраяқтың Омары, Бұдабай, Тасберген өлеңдерін жаттап алып, әртүрлі жиын-тойларда домбыраға қосып айтып жүреді, сонымен қатар ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген. Ғашықтық пен махаббат тақырыбындағы «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зухра», «Сейфілмәлік», ерлік тақырыбындағы «Рүстем Дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Байрам», қиял-ғажайып тақырыбындағы «Шахмаран», «Әбушахма», тағы басқа қиссаларды түгел жатқа жырлаған. Сондай-ақ Нартай Бекежанов жастайынан керуеншілерге ілесіп, Өзбекстан, Тәжікстан жақты көп аралаған. Өзбектің халық әндерін, билерін үйренген, дутар, рубап, нәй секілді музыкалақ аспаптарды еркін тарта біліп шығыстың атақты «Он екі мұқамын» тәп-тәуір айту дәрежесіне жеткен.

          Осылай ақын-әнші атанып, серілік құрып жүрген шағында, революция алдында Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Үкілі Ыбырайдың жиені, асқан ақын Тайжан Қалмағанбетов сол келгенде Сыр бойындағы көптеген жас ақын-әншілерге өнеге көрсетіп, ұстаздық етеді. Бұрын көбіне топ алдына домбыра ұстап шығатын Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, енді дауысын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. Осыдан кейін кеудесі кең, үні жұмсақ гармон Нартайдың серігіне айналады.

      Қызылорда облысында алғашқы ұжымдасып концерт қою жұмысы Сырдың ұлы перзенті ел арасына ақын, әнші, жыраулығымен танылған Нартай Бекежановтан бастау алады.

      Нартай творчествосына үлкен шабыт берген 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Бұл өнер байқауында Нартай таланты жоғары бағаланып, талғампаз Мәскеу көрермендерінің ыстық ілтипаты мен жылы лебізіне ие болды. Астанадан осылайша қанат байлап елге оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын- жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Кейін осы көркемөнерпаздар үйірмесі ансамбльге, ансамбльден концерттік-эстрадалық бюроға, соңында облыстық филармонияға айналады.

      1938 жылы Қызылорда қаласында Шымкент облыстық драма театрының филиалы есебінде эстрадалық концерт бригадасын жасақтау Нартайға жүктеледі. Нартай облыс көлеміндегі ақын, жыршы, әнші, бишілерді жинап, есепке алып, сыннан өткен таланттыларын өз бригадасына қабылдайды. Келе-келе Шымкент қаласының да дүлділдерімен концерттік бригадасының құрамын толықтыра түсті.

      Нартай Алыпқашұлы өзінің бригадасымен Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Қырғызстанның Ош, Джалалабад облыстарын, Қарақалпақстанды аралап өнер көрсетті. Нартай бригадасы Мәскеу қаласында да бірнеше рет концерт беріп талғампаз көрермендерін тәнті еткендері қазақ өнерінің тарихында қалды.

      Ансамбль күн санап өсіп, халық алдында беделі арта берді. Бұл ұжым репертуар жағынан да бай болды. Қазақтың халық әндері, совет композиторларының шығармалары, біздің заманымызды үгіттейтін кішігірім драмалық пьесалар болды. Мұны «Нартай ансамблі» деп атап кетті» – деп жазды өзінің «Нартай» атты мақаласында академик, композитор, Ахмет Жұбанов. Концерттік-эстарадалық бюроның бригадаға, одан соң ансамблге айналуы оның құрамындағы табиғи таланттардың мықтылығынан еді. Олар: «Күй өнеріне ерекше дәстүрімен, қайталанбас қолтаңбасымен келген (Берік Жүсіпов. Фольклортанушы, ф.ғ.к. «Жиделі Байсын күйлері» кітабынан) атақты Құрақтың Досжаны, күйші Жалдыбай Елеукенов, қазақ өнеріне конфераньстық жанрды орнықтырған жыршы, сықақшы Күндебай Алдоңғаров, эпик жыршы, ақын Рахмет Мәзқожаев, ақпа жырау, әнші, домбырашы Ақмырза Тұяқбайұлы жұбайы, кейін Алматыдағы опера және балет театрында, Шымкент облыстық филармониясында әнші болған Фатима Төлегенқызымен, әнші Мырзабай Әділов, жырау, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, жазба, айтыс ақыны Әлібек Бәйкенов. Нартайдың бүкіл мақам-саздары мен әндерін алып қалып, өмірден кеткенше елге насихаттаған, өзі де ән шығаратын Балқашбай Жүсіпов, атақты Кете Жүсіптің немересі, ақын, күйші, әнші-композитор, эпик жыршы Мұзаппар Жүсіпов пен оның ұлы жырау Сабыт Жүсіпов, күйші-композитор, өлең жазып, айтысқа да түскен Қаражанның Төлегені, жырау Әбдірәсіл Жұбатқанов, ақын, жырау, әнші, композитор, айтыс ақыны Әбділдә Жүргенбаев, эпик жыршы, ақын Нұғыман Молыбаев,  бүкіл өмірін өнерге арнаған, Нартай мектебінің көрнекті өкілі, әнші Тұрсынкүл Баяханова оның жолдасы Сәрсенбай Баяханов, он екі жасынан өнер өлкесіне келіп, жүйрік жырау Рүстембек Жиенбаев сынды жампоз Сыр сүлейлерінің тәлімін алған жыршы Шәмшат Төлепова, баянист-сүйемелдеуші Бары Рахматуллиндер ауыл-ауылды, ұжымшарлар мен кеңшарларды өгіз арбамен, аттылы-жаяулы аралап өнер көрсетті.

      Өздерінің өнердегі қызметін солақай саясаттың сойылы ешкімді аямай тұрған 1937 жылы бастаған ұжым Ұлы Отан соғысы кезінде де қызмет аясын тарылтқан емес. Ұжымшар, кеңшарларды айтпағанның өзінде 1943 жылы бірнеше әскери бөлімшелерде 200-ден астам концерттер беріп қайтты (Шайтұрсын Әбдібаев. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі).

      Бір өгіз арбаға бар керекті мүліктерімізді тиеп, үлкендер мен қыз-келіншектер реттесіп, кезектесіп арбаға аяқ артып апталап, айлап ауыл-ауылды аралап соғыстан кейінгі еңсесін әлі көтере қоймаған қалың жұртқа, балалары, ерлері қан майданнан оралмаған қамкөңіл жандарға дем беріп көңілдерін жұбатып, майданнан жарым-жан болып оралғандарға күш-қуат болып, өздеріміз де солармен бірге мұңая, қайғыра, жұбана жүріп, алдымыз алпысты алқымдаған артымыз он алтыдан жаңа асқан өнер иелері не қиынға шыдап өнер көрсетіп едік. – деген еді, ертеректе бізбен үлпәттасқанда Нартай бригадасының соңын ала қызмет атқарған жыршы, термеші, әнші Кеңесбай Мұратбаев пен оның зайыбы Тұрсынхан Әбдірахманова.

      «Нартай ансамблінің» табиғи дарындарының талантты болғандықтары сондай, олар өнердің қай саласына болса да қиналмай араласа беретін. Осындай сан қырлы таланттардың қатарында Гүлбаһрам Есаманова, Бану Сейтімұратова, Кәделі Тұяқбаев, Хадиша Баймұхамедова, Қалампыр Әділова, Әбужүсіп Баймұратов, Құлан Дауылбаев, Рахия Тұяқбаевалар да бар еді.

Бүгінде Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөліміне қарасты «Нартай өнер үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынында 5 үйірме жұмыс жасайды.

 

Үйірмеге қатысушы өнерпаз саны-68.

1. Бұдабай Қабылұлы атындағы жыр үйірмесі – жетекшісі С.Абжаппаров

2. Құрманбек Бекпейіс атындағы терме үйірмесі – жетекшісі Ә. Ерболқызы

3. «Халық әні» үйірмесі – жетекшісі Б.Тойманов

4. Маханбетқали Тұрсанов атындағы ақындар үйірмесі – Е.Әміров

5. Тайжан Қалмағанбетов атындағы дәстүрлі ән үйірмесі – жетекшісі Н. Оспанов