Жыраулар үйінде қазақ өнерінің ірі тұлғасы, ақын, әнші, композитор, өнер қайраткері Нартай Бекежановтың туғанына 135 жыл толуына орай ұйымдастырылған тағылымды жыр кеші жоғары деңгейде өтті. «Өздерің білер Нартаймын…» атты концерт – Нартай мектебінің мәңгілік мұра екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кеш барысында сырнаймен бірге ән-жыр төгілген, ғибратқа толы сәттер көрермен жүрегінен орын тапты.
Сахнаға Нартай жыр мектебінің белді өкілдері –
ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева,
Рахметулла Жолтаев, Әзілхан Мақсатбаев, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәлі Бекпейісов, Тоғжан Өтенова, Ізбасхан Дәулетхан сынды өнерпаздар шығып, көрерменге рухани азық сыйлады.
Сондай-ақ жыр жолына енді аяқ басқан дарынды жас шәкірттер –
Ерболатұлы Айқын, Әбдіғаппар Нұрмұхаммед, Тұрманов Мырзатай, Ахмедияр Асанұлы өз өнерлерін паш етіп, ұстаз жолын жалғастыруға лайық екендерін көрсетті.
Кезекті концерттік маусымды Жыраулар үйі аталмыш жыр кешімен қорытындылады. Сырнаймен сыр ақтарған сазды кеш – Нартай мұрасын насихаттап қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге боларлық өнегелі шараға айналды.