Тарихты жырмен тірілткен кеш
2025-05-31
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Жыраулар үйінде тағылымды кеш өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбаны Салбырұлы Шығанбай мен Ұлы Отан соғысының ардагері Шығанбайұлы Райханның рухына тағзым ретінде «Бай Шығанбай» тарихи дастаны жырланды.
Дастанды дәстүрлі жыр өнерінің өкілдері — жыршы Әділхан Қуаңбаев пен «Мәдениет саласының үздігі» Марат Сүгірбай нақышына келтіре орындап, көрерменді терең ой мен тебіреніске бөледі.
Шығанбай Салбырұлы (1857–1924) – Қарақұм өңіріндегі елдің ырысын еселеген ірі бай. Күштеп ұжымдастыру мен тәркілеу жылдары барлық мал-мүлкінен айырылып, сол зұлматтың құрбаны болды. Оның өмірі мен тағдыры — тұтас бір дәуірдің символы. Шығанбайдың қаздырған құдығы бүгінде тарихи нысан ретінде белгіленіп, жер-су атауларында есімі сақталған.
Бұл шара — өткенге тағзым ғана емес, ел тарихына деген құрметтің, ұрпаққа берілер рухани мұраның көрінісі.