ЖЫРАУЛАР ҮЙІ МЕН Н.ЕРГЕШБАЕВ АТЫНДАҒЫ №172 МЕКТЕПТІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ
2025-05-06
Жыраулар үйі мамандары 172-мектеп оқушыларымен жылы жүздесу өткізді. Кездесу аясында қос тарап өзара әріптестік орнатып, меморандумға қол қойды. Бұл құжат – келешекте білім мен өнердің ұштасуын көздейтін бірлескен жобалар мен тәрбиелік іс-шаралардың бастамасы болмақ.
Кездесу табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы игі шарамен басталды – қатысушылар мектеп ауласында «Танымал тұлғалар бағына» тал екті. Бұл – тек жасыл желек отырғызу емес, сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығы мен елге, жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Кездесу оқушылар мен ұстаздарға арналған “Майданнан хат” атты танымдық шарамен жалғасты. Бұл тағылымды шарада Қызылорда облыстық филармония басшысының орынбасары, Жыраулар үйінің жетекшісі Амандық Бүрлібаев, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Марат Сүгірбай Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдангер ақындардың жырларын орындай отырып, сол бір ауыр да асқақ рухты кезеңнің тарихи сабақтарын жас ұрпақтың санасына сіңіруге тырысты. Әсерлі естеліктер мен шынайы жазбалар, жүректен шыққан сөздер арқылы оқушылар өткен тарихқа терең үңіліп, ерлік пен елдік ұғымының мәнін сезінді.
Мұндай кездесулер – тек бір реттік шара емес. Бұл – жас буынға тарихи таным мен ұлттық рухты дарытатын, шығармашылықты дамытуға жол ашатын маңызды басқосу.
Жыраулар үйі мен 172-мектеп арасындағы серіктестік алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жаңа жобалармен толықпақ. Бірлікпен басталған істің берекесі мол болмақ!