Жыраулар үйінде «ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ» атты майдангер ақындардың майдан жырларына арналған жыр концерті өтті. Жыр кеші майдан даласында жүріп, қарумен қатар қаламды серік еткен жауынгер ақындардың жырларын кеңінен насихаттауға, олардың елге, жерге, Отанға деген шынайы сүйіспеншілігін болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған.
Бұл жыр кешінің мақсаты – ұлт рухын көтеру, тарихты тірілту, әрі жас буынға отансүйгіштік рух сыйлау. Майдангер ақындардың шығармашылығы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өшпес бір бөлігі. Қан майданда жүріп туған отты жырлар бүгінгі ұрпаққа ерліктің, қайсарлықтың, адалдықтың шынайы үлгісі. Бұл кеш – батырлар рухына тағзым, олардың жанкешті еңбегін ел жадында мәңгі қалдыруға бағытталған тағылымды бастама.
Майдангер ақындардың шығармаларын Қызылорда облыстық филармониясының дәстүрлі орындаушылары мен жыраулары жоғары деңгейде орындап, тыңдарман назарына ұсынды. Кеш соңында майдангер ақындардың ұрпақтары Тажмаханов Абдуллай, Баймаханов Кәжденбек, Гаухар Кожахметова, белгілі ақын Серік Ыдырысовтар сөз сөйлеп, батасын берді.