ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ АСПАНЫНДА ҚАЛЫҚТАП...
2025-03-12
Нартай әншілік өнерінің өкілі, ақын-жырау, әнші-композитор Құрманбек Бекпейісовтың 60 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Құрманбек Сейдахмедұлы 15 жасынан бала жырау атанып, Сыр мақам-саздарын, жыр-термелерін елге насихаттап, Нартай мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ерекше дарын иесі болды. Нартай ақынның 27 әнін өз айтуында нота парақшасына түсіріп, мол мұра қалдырған.
Еске алу кешінде Құрманбек Бекпейісовпен үзеңгілес болған өнер саңлақтары бірқатар естеліктерімен бөлісті. Ақсақал Пернебай Ізмәмбетұлы, режиссер Оңталап Нұрмаханов, ақын Серік Ыдырысов, композитор Рамазан Тайманов өнер иесі жайында ой толғады. ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева Құрманбек Бекпейісовтың «Әнші сезімі» әнін нақышына келтіріп орындады. Шәкірті Нұртілек Ақтаев, Тоғжан Өтенова өнерлерін ортаға салды.
Баба мұрасын жалғастырушы жыршы, ұлы Бекпейіс Мұхаммедәлі Құрманбекұлы және Құрекеңнің жары Бәтішева Рыскүл кешке арнайы қатысты. Кеш барысында Рыскүл Үсенқызына құрмет көрсетілді.