Мардан Байділдаев 1926 жылдың сәуір айында бұрынғы сырдария облысы, ақмешіт уезінің қышбөгет болыстығының қамтуындағы ауылда (қазіргі жалағаш ауданы, «еңбек» ауылы) дүниеге келіп, ұзаққа созылған ауыр науқастың салдарынан 1994 жылдың 5 наурыз күні алматы қаласында дүниеден өтті.
Мардан ағамыздың арғы бабалары және өз әкесі Келдібай Шонымов Жетіру тайпасына кіретін Керейт руының Бидас аталығынан шыққан, ескіше оқыған, әділдігімен аты шыққан би болған кісі. Ол 1882 жылы Қышбөгет өңірінде туып, 1946 жылы осы жерде қайтыс болады. 1910–1914 жылдар аралығында Келдібай би ауыл старшинасы, халық соты сияқты қызметтердің тұтқасын ұстаған. Ел ішінде әділдігімен көрінген. Көрші тайпалар арасындағы орын алған дау-жанжалдарды дұрыс шешуге ұмтылып, елдің тыныштығын, береке-бірлікті ту етіпті. Оның айқын мысалы, 7–8 жылға созылған Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіптің айтысы көрші жатқан елдерді де шарпып, елдің бірлігіне сызат түсіретіндей жағдайда тұрғанын сезінген билер 1915 жылы екі Жүсіпті Ақмешіт қаласына шақырып алып, татуластырған екен. «Елдестірмек- елшіден» дегендей екі ақынды татуластырған игі жақсылардың арасында Келдібай би де болған. Ресей құжаттарының бірінде Келдібай Шонымов туралы «оның 33 жаста, шыққан тегі Керейт руынан, Сырдария облысы, Перовск уезі, Қышбөгет болыстығының №5 ауыл қазағы, үйленген, балалары жоқ» екенінен хабардар еткен. Келдібай би 1915 жылдан Қышбөгет болыстығының болысы міндетін атқарушы болып қызмет атқарған. 1918 жылы халық оны Қышбөгет болыстығы атқару комитетінің төрағалығына сайлаған. Осындай отбасыдан шыққан М.Байділдаев өнегелі де еңбеққор болып өсті. Келдібай би азан шақыртып баласына Шаһмардан деп ат қойыпты. Шаһмардан деген сөз парсыша «жігіттің сұлтаны, ержүрек» деген мағына береді. Кейіннен, 20-шы жылдардың аяғында Келдібай би «бай» атанып, мал-мүлкі тәркіленеді. Оның кіндігінен тараған ұл-қыздар тоз-тоз болады. Мардан ағамызды 1938 жылы 4 сыныпта оқып жүргенде бидің баласы деп пионер қатарына қабылдамай тастаған екен. Шолақ белсенділердің қудалауынан қорыққан Мәкең әкесінің туған бауыры Байділданың есімін алып, содан бері Байділдаев болып келді. Сөйтіп, замандастары оны Мардан Байділдаев деген атпен ғана таныды. 1941–1948 ж.ж. аралығында М.Байділдаев өзінің алғашқы еңбек жолын туған ауылында колхозшы болып бастап, кейіннен Ленинград қаласында әскери борышын өтейді. Әскер қатарынан оралысымен 1951 жылы С.И.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетіне түсіп, оны бітірісімен 1956–1958 жылдары «Жазушы» баспасында редактор болады. 1958–1986 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған. Ол кісі өзінің кандидаттық диссертация жұмысын 60- шы жылдарда жазып бітірген болатын. Алайда, ұстазы М.Әуезовтың қазасынан соң біраз уақыт жүріңкіреп қалады. Сөйтіп жүргенде, ол кісінің өмір бойы зерттеп, жинап, жариялаған тақырыбын өзге біреу «қорғап» кетеді. Осы оқиғадан кейін ол кісі «Енді маған ғылыми атақ керек емес, онсыз да халық арасындағы абырой-беделім жетеді» деп ғылыми дәрежеге ұмтылуды мүлдем қойыпты. М.Байділдаев қазақ өнері мен білімінің ор- дасындай болған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында жарты ғасырдай еңбек етті. Еңбек етіп қана қоймай, әрбір сағатын, әрбір күнін тиімді пайдалана білді. Бұл орай- да оның кейбір замандастарының «Мәкең бір өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарды» деуі өте орынды. Мысалы, ол кісі 1961–1962, 1963–1964 жылдардағы аталмыш институттың Қызылорда облысында ұйымдастырған экспеди- циясы күндері 31679 жол өлең, 141 күй мен 180 әннің мәтіндерін академияның қорына тапсырған және 1978–1979 жылдары Қарақалпақ Республикасы экспедициясының құрамында болып, ел ішіндегі қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинауға белсене араласты. М.Байділдаев ХХ ғасырдың 50-шы жылдарының аяғына таман Сыр елі ақындарының шығармашылығын зерттегендердің бірі. Мәкең республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің 1959 жылдың 18 маусымдағы санында «Тұрмағамбет ақынның әдеби мұрасы» атты көлемді мақаласын жария- лайды. Кейіннен оны кеңейтіп «Ақындар творче- ствосы» атты кітапшасын жазды. М.Байділдаев осы кітабында «қазақ әдебиетінде бір олқы жатқан жер бар деп айтуға тұрарлық жай – ол «Сыр бойының ақындары» деп аталатын Сыр өлкесіндегі елден шыққан революцияға дейінгі мол ақындар тобы (Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын т.б.) Сыр ақындарының бай әдеби нұсқалары, ғылыми зерттеу жұмысына алынбаған, жинақталып бір жүйеге түсірілмеген»,– деп қынжыла жазып және осы істің орындалуына белсене кіріскен-ді. Мәкеңнің терең зерттеуінен кейін көптеген даңғайыр ақын-жыраулар «қайта тіріліп», өз оқырмандарымен қауышты. «Үш ғасыр жырлайды» (1965 ж.), «Айтыс» кітабының 2 томын (1965 ж.), құрастырушысы мен «Пернедегі термелердегі» (1965 ж.) ақын- жыраулардың өмір жолдарын дайындаған да М.Байділдаев. Солардың бәрінің бірінші бетінде «Жинап құрастырған, баспаға әзірлеген Мар- дан Байділдаев» деген жазу бар. Сол кітаптар қайта-қайта басылып шығып, жүз мыңдаған та- ралыммен оқырманға жол тартты. Қазіргі таңда осы кітаптар баға жетпес қазынаға айналып, өз халқының тарихы мен тағдырына толғанатын, өнері мен өлеңіне тәу ететін әр қазақтың төрінде тұр. М.Байділдаев көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар Мағауинмен бірге «Бес ғасыр жырлайды» (1985 ж.) кітабын құрастырып, орыс-кеңес жазу- шысы М.А.Шолоховтың «Адам тағдыры» атты әңгімесін және балалар жазушысы А.Гайдардың «Алыстағы елдер» повесін қазақ тіліне аударған. М.Байділдаев айтыс өнерінің қайта жандануы үшін тер төккен бірден-бір азамат еді. Ол кісі айтысқа түсетін ақындарды іріктеуден бастап, жеңімпаздарға берілетін жүлде ұйымдастыру машақатына дейін өз мойнына алатын. Ол кез- де бүгінгідей бас жүлдеге жеңіл автокөлік емес, сәйгүлек берілетін. Алыстан әкелінген әлгі жылқылардың талайы Мардан тұратын көп қабатты үйдің алдындағы ағаштың көлеңкесіне байланатын. М.Байділдаевтың есімін күллі республикаға кеңінен танымал еткен М.Әуезовтың алғысөзімен шыққан «Рүстем-дастан» (1961 ж.) кітабы. Ол кісі атақты Фирдоусидің «Шах- намасын» Тұрмағамбет Ізтілеуовтың қазақшаға аударған қолжазбаларын талмай іздеп тауып, оны баспаға әзірлеп, түсініктерін жазған. «1936 жылы шығыс әдебиеті мен тілін жетік білетін Тұрмағамбет ақынның аудармасымен аталған шығарма дүниеге келген болатын. Бірақ түрлі себептердің салдарынан ақынның бұл қымбат қазынасы жарыққа шықпай, жалпы көлемі 40 мың өлең жолынан тұратын жалғыз дана қолжазбасы үшті-күйлі жоқ болып кеткен еді. Алайда, Тұрмағамбетке, дәлірек айтқанда оның әдеби мұраларын тануға ыстық ықыласымен берілген шын жанашыр жандар біздің арамызда бар екен. Соның бірі, бүгінгі әдебиетші-фольклоршы Мар- дан Байділдаев. Осы ғалымның көп жыл бойы ізіне түсіп, ыждағатты іздеген азаматтық еңбегінің арқасында қолжазбаның қалған жері Қызылорда облысынан табылса, бұл төрт томдық қазынаны 1957 жылдың 15 желтоқсан күні М.Байділдаев сол орнынан қазып алған болатын»,–деп жаза- ды ғалым-түрколог Ә.Қоңыратбаев өзінің «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегінде. Талай қандастарымыздың туған жерге бет бұруын сөзінің жеткенінше айтып, ілуде бір келе қалғандары болса төріне шығарып, дәм таттырып, қолынан келгенінше қамқор болғанның бірі де бірегейі де М.Байділдаев еді. Түркия мемлекетінен Қазақстанға қоныс аударған көрнекті дінтанушы ғалым ХалифаАлтай ағамызды ертіп, ашпаған есігі қалмады. Димекеңмен (Д.Қонаев) таны- стырды. Елбасымыздың өзімен жүздесуіне мұрындық болды. Алматыдан пәтер алып берді. Азаматтық алуына атсалысты. Ол кісі қолында билігі бар шенеуніктердің талайының намы- сын қажап, «алыстағы ағайыныңа қамқор бол»,– деп ағалық ақылын айтып өтті. Сонау сексен алтының сойқанды күндерінде алаңға барған жұрт М.Байділдаевты жастардың арасынан көрді. Кейін жазықсыз жазаланғандарды ақтау үшін күрескендердің қатарынан тағы да көрді. Түрменің дәмін татып, тектен-текке сотталып кел- ген қазақ жастары Алматы қаласының бұрынғы Парламент үйінің алдында аштық жариялады. Мардан аға ұзақты күн сол жастардың жанында жүрді. Ашығып жатқан жастармен тілдесуге келген депутат мырзалармен тілдесті. Сөйтіп, істің оң шешілуіне, жазықсыз жапа шеккен қаншама қыз- жігіттердің ақталуына оң ықпал етті. Шетелдердегі қандастарымыз арасынан атақты жыршы А.Тасқынбаев, ақын-жыраулар И.Қайруллаев, А.Жалғасбаевтарды т.б. іздеп тауып, олардың еңбектерінің жарық көруіне бел шеше кірісті. Соның нәтижесінде, А.Тасқынбаев жырлаған «Абат–Байтақ» жыры және сонау бағзы заман- да өмір сүрген Қорқыт Ата күйлерін орындаушыларды іздеп тауып, оны алғашқы болып таспаға түсірген де М.Байділдаев еді. Қорқыт күйлеріне арналып «Елім-ай» атты жинақ шықты. Онда «1975 жылдың шілде айында, арада елу жыл өткеннен кейін, фольклоршы Мар- дан Байділдаев академик Әлкей Марғұланның жөн сілтеуімен Нышан ақсақалды іздеп тауып, күйші қазынасын алғаш рет магнитофонға жазып алды»,–делінген. Сондай-ақ, Мәкеңнің қаламынан «Ақын-жыраулар» (1979 ж.) жинағы жарық көріп, ол қазақ жазушыларының 40-тай кітабының жарыққа шығуына тікелей араласты және 40-тан астам ғылыми-зерттеу мақалаларын жазды. Ел ішіндегі таланттарды тауып, елге танытты. Олардың бастауында Көшеней Рүстембеков, Алмас Алматов, Берік Жүсіповтер тұр. М.Байділдаев 1977 жылы Мәскеуде өткен халық шығармашылығының Бүкілодақтық фестивалінде жеңімпаз атанды. Мәкеңнің айлық алып жұмыс істейтін қызметінен гөрі қоғамдық жұмыстары өте көп болды. 1972 жылдан Қазақ ССР Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы, республикалық «Білім» қоғамында, «Жерұйық» тарихи-ағарту қоғамы ұйымдастыру комитетінің мүшесі, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің проректоры, Адам құқын қорғау жөніндегі қоғамдық комитетінің мүшесі, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің, қалалық Журналистер одағының мүшесі бола жүріп, тарихи- мәдени ескерткіштерді сақтауға, 1937–1938 жылдардың құрбандарын ақтауға белсене араласты. Мардан көкеміз республикамызда Наурыз мерекесінің кеңінен тойланып, өркендеп, өсуіне де сүбелі үлес қосты. Ол кісі Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығы, Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерейтойларының өткізілуінің басы-қасында жүрді. 1993 жылдың тамызында Бұқарбай батырдың 180 жылдық мерейтойы шеңберінде Жалағаш ауданында өткізілген республикалық ақындар айтысының жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысып, әділқазылар алқасының мүшесі болды. Иә, ел білетін Мардан Байділдаев елгезек, қоғам жұмысы мен халқының тірлігі десе ішкен асын жерге қоятын марқасқаның нақ өзі болып өтті өмірден. Бәлкім, содан кейін де ол кісіні жер қойнына берер ақырғы сәтте, зират ба- сында белгілі шығыстанушы-ғалым, жерлесіміз Өтеген Күмісбаев «Мардан көке, халық үшін сіздің орныңыз бөлек еді,–деп бастаған болатын сөзін толқып тұрып.–Сізді Қазақстанның қай бұрышында да білмейтін жан жоқ еді. Олар атақ- даңқы аспандаған академиктермен бетпе-бет келсе, танымауы әбден мүмкін, ал сізді бірден төріне оздырушы еді...». М.Байділдаев – аса көпшіл, еңбекқор әрі тынымсыз жан еді. Жүздердің алғысын, мыңдардың батасын алды. Ол баладай мінезімен, даладай көңілімен, көпшілдігімен қазақтың есінде қалды. Ол кісі күн-түн демей, халқына қызмет етуден бір жалықпады. Жолдың шалғайлығын, сапардың ауырлығын әлдекімдер секілді кедергі көрмеді, шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерді апта- лап, айлап, жаяу-жалпылы аралап, ғасырлардан- ғасырларға ұласып келе жатқан өрлі өлең, нақыл, әдепті сөздерді ауыл қарттарының аузынан естіп, қаз-қалпында ақ қағазға түсірді. Бастаған шару- асын тындырмай тынбайтын сондай еңбекқор азаматтың артықша қасиетін көре білген ұлы Мұхаң–Мұхтар Әуезов «Мардан бар жерде құлдың қажеті жоқ»,–деген екен. Бәлкім, Мардан ағамыздың бар кісілік қасиеттері осы сөздерге сыйып кеткен шығар. (Мақала музей қорындағы деректер негізінде жазылған).