Рахманқұл Бердібаев

Рахманқұл Бердібаев 2 желтоқсан, 1927 жылы Түркістан облысы, Түркістан ауданы Көкіш ауылы — 3 сәуір, 2012 жылы) — әдебиеттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, сыншы. Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Филология ғылымдарының докторы (1970), профессор (1983). Қазақстанға Еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1984). Түркия Президентінің "Түркі еліне қызыметі үшін" мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік марапаты "Отан ордені" мен марапатталған.

Ғұлама ғалымның биік тұлғасы, энциклопедиялық зердесі, азаматтық келбеті өзінің лайықты бағасын алған. Қазақ әдебиеті ғылымына ғана емес, түрік дүниесінің руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғұламаның ұлт мүддесін қорғаған батыл үні сонау елуінші жылдары естіле бастаған болатын. Ұлт мүддесін мәңгілік серігі еткен ғалым кеңестік кезең саясатына қайшы көзқарастары үшін аз қиындық көрген жоқ. Осы қудалаулар мен қиындықтар ғалымның журналистикадан бастау алып, әдеби өмірдің ұлы майданына, руханияттың асқақ әлеміне ұласқан шығармашылық жолын көктей өтіп жатты.
Р.Бердібай өзінің өнімді еңбек жылдарында 32 кітап, мыңнан астам мақала шығарды.
Исі түркі халқы пір тұтатын Маулананың мынадай сөздері бар: «Жел соққан сайын солқылдақ шыбықтай иіле берсең, асқар тау болсаң да, шыбық құрлы құның болмайды». Р.Бердібай иілуді білмеген асқақ рухтың иесі. «Рухы биік адам қоғам рухын көтереді» деген нақыл сөз осы Р.Бердібай секілді асқақ рухты адамдарға арналған тәрізді.
Р.Бердібай тарихи ақиқаттарды бүркемелеу немесе бұрмалай көрсету белең алған тоқырау жылдарының өзінде ұлтының шыңдалу процесін ашып көрсетіп, оның рухын асқақтататын мәселелерді көтеріп, соларды нақты жүзеге асыруға арналған істердің басында болды.
Ғалымның фольклортанушылық қызметін талдау бағытында алған жұмысымыз зерттеушінің бұл саладағы еңбегіне жаңаша көзқарастық тууы мен аңыз әдебиетімізді басқаша қырынан жол тануымызға мүмкіндік береді.