РЫСБЕК ӘШІМОВ
(1955-2013 жж.)
Рысбек жырауға жыршылық, шешендік өнер нағашылары Дәріғұл, Жаңаберген, аталас жыраулар Жаппарберді, Үмбетәлі, бөлесі Нұртуған ақыннан дарыған.
Ауданда Нұртуған ақын атындағы жыраулар мектебін ашып, 40 аса шәкірттер тәрбиеледі. Ол Нұртуған шайыр қалыптастырған Мырзастағы жыраулар мектебінің бірден-бір жалғастырушысы, ширек ғасырдан бері Арал төңірегінің ақын-жырауларының терме-толғауларын, әндерін насихаттаушы. Рысбектің дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорына» 1986 жылы жазылды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық фольклорлық фестивальдің лауреаты
1988 жылы Ленинград қаласында өткен этнографиялық, 1990 жылы Киев қаласында өткен ІІ халықаралық фольклорлық фестивальдердің лауреаты.
1991 жылы БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның шешімімен жыраудың дауысы «Алтын табаққа» жазылды. 1992-95 жылдар аралығында Санк-Петербург, Алматы, Саха елдерінде өткен Дүниежүзі халықтарының этно-фольклорлық өнерін зерттеуге арналған Лорд конференциясына қатысып, Сыр сүлейлерінің жыр-дастан, қиссаларын ойнақы, толқынды мақамымен тыңдаушыларын таң қалдырды. Оның дауысы жазылған таспалар арқылы және Нұртуған жыраулар мектебі жайлы мәлімет пен деректерден қазіргі таңда АҚШ, Франция, Голландия, Жапония, Швеция т.б елдердің жоғары оқу орындарында ленинградтық профессор Изоли Земцовский, фольклорист-ғалым Алма Құнанбаевалар қазақ елінің фольклорлық-этнографиялық өнері жайлы дәрістер, лекциялар оқуда. Токия университетінің профессоры, дүние жүзі фольклорлық өнерін зерттеуші ғалым минору Моритоның «СССР халықтарының фольклор өнері» атты үш лазерлік дискісінің «Қазақ фольклор өнерінің жұлдыздары» атты антологиясының алтын табағына 1986 жылы дауысы жазылды.
1997 жылы «Ұлы дала музыкасы» атты дәстүрлі музыканың халықаралық фестиваліне, «Дала илиадасы» Түркі, монғол халықтарының эпоссы конкурсына қатысып, ЮНЕСКО-ның Алтын медаліне ие болды.
1996-1998 жылдары өткен облыс мәдениеті мен өнері күндерінің бағдарламасы бойынша салтанатты концерт, «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда.» қойылымы (Алматы, Астана қалаларында), «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының концерттік бағдарламаларында өнер көрсетті.
Жыраудың жыр, дастандары 2001, 2003, 2004 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қорына «Ауылдың алты ауызы», «Сыр сүлейлері» атты бағдарламасына арнайы жазылып алынды.
Қызылорда облысында өткізілген Түркі елдерінің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестиваліне қатысып жүлдегер атанды. Алматы, Астана, Орынбор, Қарағанды қалаларында Қызылорда күндері «Жыр керуені, Жыр күмбезі» бағдарламаларына қатысты.
2013 жылы 25 желтоқсанда дүниеден өтті.