БЕКҰЗАҚ ТӘҢІРБЕРГЕНОВ
(1958-2002 жж.)
Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Тумысынан дарынды ақындық пен жыршылық өнерді қатар ұстаған, талантты, өнерлі жан болған. Бекұзақтың алғашқы ұстазы өз әкесі Жақсан. Бекұзақ айтыс өнерінің үздік өкілдерінің бірі.
1985 жылы облыстық айтысқа, 1988 жылы Алматыда өткен телеайтыстарға қатысып, халық алдында «ақын» деген атқа лайықты екендігін көрсетті. Ол Сыр бойындағы ежелгі дәстүрлі айтыс өнерінің үлкен үміт күттіретін өкілдерінің бірінен саналатын еді. Сонымен қатар, халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған «Асубұлақ аруы», «Шолпаным» сияқты айшықты әндердің авторы, композитор. Бекұзақ – кезінде ақын Әбілхан Махановтың аса назар аударып, талантына ден қойған бірегей шәкірті.
Саусағына қыдыр дарыған Қаппардай күйшілердің батасын алып, алғысы мен ықыласына бөленген ақын-жыршы.