Берік ЖҮСІПОВ (07. 03. 1970) – Сыр бойында сақталған «көмей жыр» дәстүрін сахналандырушы эпик жыршы, әнші, күйші, этномузыкатанушы, дәстүрлі өнер өкілдері арасынан шыққан алғашқы фольклортанушы ғалым. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (1987–1995), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін (2008–2010) концерттік орындаушы, оқытушы, экономист мамандықтары бойынша бітірген.
Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде оқытушы (1995–1997), Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясы, Ұлт аспаптары факультеті, Халық әні кафедрасында аға оқытушы (1997–2000), Халық әні кафедрасының меңгерушісі (2000–2003), «Жетісу» АҚ-ның менеджері (2003–2004), «Тайқазантехносервис» ЖШС-нің сыртқы экономикалық істер жөніндегі менеджері (2004–2008), Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы (2008–2013), «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның вице-президенті (Астана, 2013.03–2013.11), «Жан и Ш» ЖШС директордың орынбасары (Қызылорда, 2013.11–2014.08), ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұршылықпен іс-қимыл жасау бөлімінің консультанты (6.04.2015–01.09.2015), ЖК «Musical culture of Kazakhstan» (01.09.2015–11.07.2016) директоры, Алматы қаласының мәдениет және архивтер басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры (16.08.2017–06.06.2019), «Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» ЖШС-нің бас менеджері (2019–2021), директордың орынбасары (2022) қызметтерін атқарған. Қазір ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры.
Мектеп жасындағы «бала дауысын» Қызылорда облыстық телерадиокомитетін басқарған белгілі журналист Жақсылық Бекқожаев жазып қалдырған (1984), белгілі дыбыс режиссері М. Мұхитденов таңбалаған он сегіз жасындағы дауысы «Жыр күмбезі» деген атпен граммофонды үлкен күйтабақ болып Ташкенттегі бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан жарық көрген (1990), жихангер журналист Т. Момбекұлы ол жайында «Жаратқан, жар болғайсың» (2011) атты кітап жазған. Репертуары қатталған және әр жылдары қатысып, ой толғаған түрлі телебағдарламалар Қазақ телевидениесінің қорында. Қазақ радиосының Алтын қорында «Мирас», «Кәнекей, тілім, сөйлеші» атты жүзге тарта авторлық бағдарламалары (2006–2008) және оның қатысуымен жасалған түрлі бағдарламалар сақталған.
«Кентавр» газетінде жауапты хатшы (2008) қызметін атқарған, республикалық және халықаралық «Жігер» (Алматы, 1988), «Шарк Тораналари» (Самарқан, 2001), «Түрік дүниясы ұзандары» (Анкара, 2000) фестивальдерінің, Иранда (Тегеран, 2005, 2010), Пазырықта өткен (Алтай, 2004) қайчылардың халықаралық конкурстарының жеңімпазы болған. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2000), халықаралық ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының иегері (2000). ҚР Президентінің (2012), РФ Мәдениет министрінің (2011) Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған, «Құрмет» орденінің кавалері (2019), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры (2021), Арал, Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы (2021), Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі (2022). Филология ғылымдарының кандидаты (1999), өнертану мамандығы бойынша доцент (ЖАК, 2001). Дәріс-концерттермен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде болған.
«Мырзастағы жыр мектебі» (1991), «Жиделі Байсын күйлері» (2000) «Күретамыр» (2009), «Жырдария» (2009), «Ойтұмар» (2009), Сүлейлер» (2010), «Адырна» (2011), «Эпикалық жыршылық дәстүр: репродуктив-туындатпа, креатив-шығармашылық егіз қосарлану мәселесі» (2019), «Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация» (2022) атты монография, оқу құралдары мен жинақтардың, үш жүзге тарта ғылыми, танымдық, теориялық мақалалардың авторы. «Қазақтың қаһармандық эпосы «Қобыланды батыр» монографиясы (2003), «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары» (2007), «Базар жырау Оңдасұлы шығармалары» (2008), «Құлан Алдабергенұлы шығармалары» (2010), «Ұзақбай Қараманов шығармалары» (2018), «Жәнібек Кәрменов шығармалары» (2019), т. б. ғылыми, көпшілік басылымдарының құрастырушысы, жауапты шығарушысы әрі редакторы. «Маңғыстаудың музыкалық мұралары» (2007), «Сыр сүлейін сұрасаң» (2008), «Қайталанбас дауыстар – Неповторимые голоса» (қазақ, орыс тілдерінде, 2011), «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, 2015) музыкалық антологиялардың авторы, ғылыми, танымдық, көркем қойылымды «Жырау» (2011), «Қаһарман» (2014), «Ақшатауды асқақтатқан асыл рух» (2013) фильм-портрет жобаларының жетекшісі. «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы АҚ-ның» тапсырысымен түсірілген төрт сериялы халықаралық жоба – «Қорқыт» телехикаясының (2024) тарих, музыка, этнография жөніндегі ғылыми кеңесшісі, сценарист, түркі мемлекеттері арасында Қорқыт образының тұңғыш экрандалуына еңбек сіңірген маман.