АЙБЕК ТӘҢІРБЕРГЕНОВ

АЙБЕК ТӘҢІРБЕРГЕНОВ

          Қызылорда облысы, Арал ауданында 1973 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген.

2000-2004 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында білім алды.

          1993-1996 жылдары Арал ауданы Шижаға елдімекенінде №2 балалар өнер мектебінде терме класында оқытушы, 1996-1999 жылдары Шижаға ауылдық мәдениет үйінің маманы қызметін атқарды.

Атадан балаға жалғасып келе жатқан  жыршылық өнерге жастайынан келген Айбек бүгінде республикаға танымал жыршы. Түрлі республикалық, халықаралық жыршылар байқауының жүлдегері. Мәселен, 1996 жылғы Ж.Жабаевтың 150 жылдығына арналған облыстық жыршы-термешілер байқауында  І орын,       1999 жылғы «Қорқыт Ата» кітабының 1300 жылдығына арналған аймақтық жыраулар байқауында  ІІ орын, 2001 жылғы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған облыстық жыраулық байқауында  ІІ орын, 2001 жылғы республикалық «Ғасырлар үні» жыраулар конкурсының «Нұртуған» атындағы арнайы жүлде, 2003 жылғы халықаралық «Ғасырлар үні» жыраулар байқауында ІІ орынды жеңіп алды.

2004 жылы Ақтау қаласындағы аймақтық жыраулар байқауы, 2007 жылы Ақтөбе қаласындағы «Арқалы жырау жырласын» республикалық жыраулар байқауы, 2007 жылғы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойына арналған «Тау тұлға – Тұрмағамбет» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы мен «Ғасырлар үні» фестивалі, 2009 жылғы Қармақшы ауданындағы Сыр сүлейі Дүр Оңғардың 150 жылдығына арналған «Алқалап келген, әлеумет» аймақтық жыраулар фестивалі жыраудың  өнер сахнасындағы жетістіктері.

          Жыршының жыр қоры өте бай. Сыр сүлейлері мен шайырларының терме-толғауларынан бастап, жыр-дастан, қисса, батырлық жырлармен қатар төл шығармалары да бар. Ол –жыршылықпен қатар ақындықты, сазгерлікті қатар алып жүрген талант иесі. Дауысы «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «алтын қорына» және 2011 жылы баспадан шыққан «Қайталанбас дауыстар» Сыр саңлақтары музыкалық антологиясына жазылып, жеке компакт дискісі шықты. Қазіргі таңда Арал аудандық мәдениет бөліміне қарасты Жыраулар үйінің үйірме жетекшісі.