КЕНЖЕМҰРАТ ЖҮСІПОВ

КЕНЖЕМҰРАТ ЖҮСІПОВ

(02.28.1974-01.14.2004 жж.)

Топыраққа қимай аппақ жүзіңді,

Сағыныштың жасы көзге тізілді.

Жырау Берік Жүсіпов.

 

          Арал ауданы, Ақбасты елдімекенінде дүниеге келген.1976 жылы Жүсіповтер отбасы Арал өңірінен Жалағаш ауданына қоныс аударады. Анасы Ұлмекен Еркеғұлқызы (1928-2002 жж.) сегіз ұл-қыз тәрбиелеген. Әкесі Мырзалы Жүсіпұлы (1922-1998 жж.) ескі әңгімелерді көп білген, жас кезінде жүйрік ат, алғыр тазыны серік еткен. Арғы атасы Жақыпұлы Жүсіп елдің ақсақалдығы мен ағайын арасының бітімгерлігіне жүрген адам.

          Кенжемұраттың өнердегі алғашқы ұстазы туған бауыры, белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов. Кенжемұрат Жүсіпов Жалағаш ауданындағы №202 орта мектепті және аудан орталығындағы музыка мектебін домбыра класы бойынша бітірген. Ол Сыр бойы домбырашылық дәстүрінің көрнекті өкілдері болып саналатын Досжан, Мырза, Қазанғап, Жалдыбай күйлерін келістіріп ойнайтын шебер домбырашы да болды. 1991 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасына оқуға түсіп, әуелі әнші Сәуле Жанпейісованың, кейін Берік Жүсіповтің жыр класынан дәріс алды.

          1997 жылы консерваторияны сәтті бітірген Кенжемұрат Жүсіпов «Нұртуған ақынның шығармашылығы және ол қалыптастырған жыр мектебі» деген тақырыпта дипломдық жұмыс жазып шықты. Орындаушылық үрдістің өзекті мәселелерін сөз еткен аталмыш жұмыс арқылы ол орындаушылығына қоса ғылымға да біршама бейімділігін танытты. Ізашар еңбегінде-ақ өзіне зор талаптар қоя білген Кенжемұрат осы еңбегі арқылы бір өлкенің фольклорлы-музыкалық мұрасын жан-жақты сөз етіп, тиянақты ғылыми пайымдар жасаған еді.

          Кенжемұрат Консерваторияның мемлекеттік емтиханында Тұрмағамбет Ізтілеуовтың «Өсиет», Шораяқтың Омарының «насихат сөз», Тасберген Құламанұлының «Маңырама», Жиенбай Дүзбембетұлының «Бастау әні», Ерімбет Көлдейбеков «Ашпас», Нұртуған Кенжеғұлов «Құлақ салып сөз тыңда», Наурызбек Нұржаубайұлының «Домбыраны қолға алып» сияқты терме-толғауларын орындап, жыршылық шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен еді.  Оның орындауында таспаға түсірілген Сыр сүлейлерінің көптеген жыр-термелері бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында, Қазақстан ұлттық телеаранасының мұрағаттарында және жекелеген жинаушылардың қолдарында сақтаулы. Сонымен қатар, Кенжемұрат Жүсіповтың соңында әр түрлі тақырыпта қалам тартқан өзінің өлең-жырлары қалды.

          Қазақ эпикалық орындаушылық өнерінің көрнекті өкілі, талантты жыршы өнерпаз Кенжемұрат Жүсіпов өмірден өткеннен кейін бір жылдан соң, сол кездегі «Қазақстан» РТРК АҚ «Жан» шығармашылық бірлестігінің редакторы, әдебиеттанушы ғалым Мамай Ахетов «Үзілген шектің ызыңы» атты деректі фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынды. («Қазақстан» РТРК мұрағаты №871 таста, 25 мин). Кенжемұрат Жүсіповтың өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ баспасөзінде әр кезеңде жарияланған жазушы Думан Рамазанның «Қызылды ілер қаршыға», әнші Сәуле Жанпейісованың «Ғажайып жыршы еді», жыраудың бауыры, ғалым Берік Жүсіповтың «Сом алтынның сынығы ең», «Домбырамның зар пернесі» атты мақалалары, ақын Оңталап Базаралиев, Айбек Тәңірбергеновтердің жазған өлеңдері бар.