БОЛАТБЕК ТӘҢІРБЕРГЕНОВ
1977 жылы 4 сәуірде Шижаға ауылында дүниеге келген.
Мектеп қабырғасында жүріп ауыл орталығындағы Дәріғұл жырау атындағы өнер мектебінде баян аспабын меңгеріп шықты.
Әкесі Жақсан, ағалары Бекұзақ пен Айбектен терме, толғаулар үйреніп, домбыраға қосып айтуға машықтанды. Келе-келе көлемді дүниелер жаттап, көне саз-мақамдарды нақышына келтіре салып, орындау шеберлігін шыңдады.
1995 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына орай өткізілген облыстық жыршы-термешілер байқауында жүлделі III орынды иеленді.
2008 жылы Темірбек Жүргеновтің 110 жылдығы қарсаңында өткен республикалық дәстүрлі әншілер фестиваліне қатысты.
2009 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында өткен «Аймақты аймен тербетіп» атты аймақтық әнші, күйші, термешілер байқауында терме жанры бойынша I орынды иеленсе, 2010 жылы Қызылорда қаласында А.Тұяқбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық жыршы-термешілер байқауында жүлделі II орынды еншіледі.
2013 жылы Арал қаласында Дәріғұл жыраудың 105 жылдығына арналған жыршы-термешілер байқауының жеңімпазы. Қазір Шижаға ауылдық мәдениет үйінде қызмет етеді.