ДӘМЕГӨЙ ҚОЖАҒҰЛҚЫЗЫ

ДӘМЕГӨЙ ҚОЖАҒҰЛҚЫЗЫ

(1870-1927 жж.)

          XIX ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген Сыр сүлейлерінің бірі ақын, жырау, атақты Ешнияз салдың бел баласы Кете Жүсіптің айналасында көптеген жас өнер иелері топтасқанын біз тарихтан білеміз. Ол кісі өнерге талпынған жастар мен тұстастарына қамқорлық жасап, қолын созған секілді. Жақын туысы Аманның қызын, белгілі Тасберген Құламанға үйленуіне ықпал етсе, Тасберген жыраудың баласы Нұрмаханға өзінің қызы Рсалдыны атастыруы, өнердегі тұстастары мен жастарға қамқорлығы деп білеміз. Өзінің жақын қарындасы Дәмегөйдің өнерге, әнге, күйге, жыршылыққа бейімділігін байқаған Қожағұл ағасының баласын жасынан өнерге баулыған деген әңгіме әлі де ел арасында айтылады екен.

          Жан-жаққа шығып тұратын, ел белсендісі, атақты жырау, шайыр, Арқа жұртынан Сыр бойына таңсық сырнай аспабын алып келіп, қарындасы Дәмегөйден көп үміт күтіп, тәрбиелейді. Қарындасы Дәмегөй ағасының еңбегін қайтарып елде «Әнші Дәмегөй» деген атаққа ие болады. Оның өнерінен хабары бар ақын Әлиакбар Жұматаев «Кетенің кемеңгерлері» атты ұзақ толғауында Дәмегөйге төмендегідей баға береді:

 

          Алпысқа дейін ән салып,

          Алып ед, үлкен абырой.

          Дәмегөй апам ән салса,

          Басқаны деуші еді, қоя ғой!

 

          Енді бізге жеткен Дәмегөй әншінің өміріне көз жіберейік. Дәмегөй әнші Кете Жүсіптің баласы ақын, композитор, жырау Мұзараптан үлкен болған. Шамамен 1885 жылдары өмірге келіп, 1948 жылдары дүниеден озған секілді. Көне көз қариялардан бізге жеткен әншінің өмір дерегі осылай ғана өріледі. Сыр өңірінің төменгі жағындағы Кете-Шөмекей еліне алғаш жеткен сырнаймен қосылып ән салатын жалғыз ғана әнші Дәмегөй апамыздың біздің заманымызға жеткені осы ғана.