ТАСБЕРГЕН ҚҰЛАМАНҰЛЫ

ТАСБЕРГЕН ҚҰЛАМАНҰЛЫ

(1870-1940 жж.)

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтайлақ кезеңде (Қуаңдария болысы) қазіргі Алдашбай ахун ауылында атақты Құламан Дүзелбайұлының отбасында дүниеге келген. Руы Кете, одан Асан, Қарпық, Текей батыр, Шымырбай аталығынан. Әкесі Құламаннан өнер дарыған Тасберген өнерге, оның ішінде жыраулық өнерге ден қойып, бүкіл өмірін осы өнерге арнаған өнерпаз. Атақты Ешнияз Салдың баласы Жүсіппен қатар жүріп, сол Жүсіптің шығармаларын елге насихаттаған бірден-бір жырау. Сыр бойындағы ақын-жыраулардың терме, толғауларын қырықтан астам дастан, қиссаларын жатқа айтып, елге танымал болған жырау. Бес-алты күн жырлағанда бір өлеңін, не бір дастанын қайталамаған өнер иесі.  

Сыр бойы Қармақшы өңіріндегі жыршы-жыраулардың орындаушылық қасиетін, әрбір мақамның қайырымында тек қана бір деммен қайыруымен бағалаған. Елде мынадай бір көп тараған сөз бар «Бірде Тасберген дастан айтып әбден қызған шағында атақты «Маңыраманы» орындап отырғанда қайырымын өте ұзақ қайырыпты, сонда тыңдап отырған ақсақал ағаларының бірі «Ей!, Тасберген! Сенің мақамыңды үйреніп жүрген балалар, сенің мына қайырымыңды саламын деп өледі ғой, шамалы жеңілдетіп шырқасайшы» деп арқасынан қамшымен тартып жіберген екен дейді. Бұл орындаушы Тасбергеннің демін ұзаққа апара алушылығында болса керек. «Жас кезінен бастап өнер қуған Тасберген, өмір сүруді тек қана жыраулықпен бағалап, басқа кәсіп жасамаған адам, жерден бір тал шөп көтеріп немесе мал бағып күн көрмеген адам еді» дейді көзін көріп қасында інісі болып өскен Жарылқасын ақсақал (1890-1973 ж.).

1940 жылдың күзінде 70 жасында дүние салды. Сыр бойында кең тараған «Қыз-Жібек», «Айман-Шолпан», «Шәкір-Шәкірат», «Жүсіп-Злиха», «Шакизада», «Мұңсыз хан», «Көрұғлы, һақ Сүлеймен», «Сүлейменнің патша болуы», «Мағауия», «Сұр мерген», «Үш күлше», Сайыпназар ахунның «Мұхаммед Ханафия» дастандары Тасберген жыраудың репертуарынан орын алған дастандар. Әкесінен қалған жыраулық өнердің мұрагері – ұлы Нұрмахан жырау.