КЕТЕ ЖҮСІП ЕШНИЯЗҰЛЫ

 КЕТЕ ЖҮСІП ЕШНИЯЗҰЛЫ

(1871-1927 жж.)

 

          Бұрынғы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысы, Қазалы уезінде, Қуаңдария болысының Бірінші ауылында /қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ленин атындағы совхоз/ туған.  Сол ауылында 1927 жылы қайтыс болған. Ақынның арғы ата-тегі кіші жүздің Кете деген руы болғандықтан халық «Кете Жүсіп» деп атап кеткен. Жүсіптің әкесі Ешнияз әрі ақын, әрі әнші, композитор.

          ХІХ ғасырдағы белгілі Базар жыраудан бастап Сыр бойынан шыққан бір топ әйгілі ақындардың /Ерімбет, Даңмұрын, Жүсіп, Омар, Тұрмағамбет т.б./ үлгі алып, ұстаз тұтынғаны осы – Ешнияз ақын.

          Ақындықты 14 жасынан бастаған Кете Жүсіп өлеңді жаза алатын әрі әнші, әрі ақын болған. Шығармасында домбырамен мәнерлеп әнге қосқан. Салалы шығармаларынан «Шәһзада», «Сұрмерген», «Мекер қатын», «Алдар көсе» дастандары, сонымен қатар Қаңлы Жүсіппен, Даңмұрынмен, Құлназар, Егізбай, Тұрымбетпен айтыстары бар. Толғау, терме, тақпақ, кеңіл қос, сынау, шешу сияқты сөздерге өте шебер болған.

Кете Жүсіптің онға жуық көлемді поэмасы бар. Ол «Шахзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген» деген дастанында шығыс тақырыбын жырлайды, ал «Өткен заман», «Бір қарт адам», «Барымта» поэмасы қазақ өмірінен алынып жазылған реалистік шығарма.

          Кете Жүсіптің өзге ақындардан ерекшелігі – ол айтыс ақыны. ХХ ғасырдың бас кезінде жасаған Қаңлы Жүсіп, Керейт Даңмұрын сияқты даңғайыр ақындармен Жүсіп ақын жас жігіт шағында айтысқа түскен. Сыр елінде «Үш шайырдың», «Бес шайырдың», «Сегіз шайырдың» айтыстары атанған белгілі ірі ақындардың тобы болған. Бұлардағы ерекшелік, әдеттегідей екеу-екеу кезектесіп айтыспайды, ақындық күшін сынасу үшін бірнеше ақын бір тақырып төңірегінде өз өнерлерін бір рет ортаға салады. Олар бұл өнер жолын жазып айтысумен жүзеге асырған. Айтыстың Сыр еліндегі осы жаңа түрін жандандырып қызу араласып, көзге түсушінің бірі Кете Жүсіп болған. Жүсіп 1905 жылы өз әйелі Күзенмен айтысады. Қазақ әдебиеті тарихында айтыстың бірнеше түрлері бар. Бірақ ақындардың ішінде өз әйелімен айтысу деген сирек болған.

          Он төрт жасынан ақындық атын алған ол, өзі айтқандай өнерін ішке сақтамай совет тақырыбын жырлауға құлшына кірісті. «Жолына жұмылайық жұрт  болудың» /1918 ж./, «1917 ж.» /1919 ж./, «1 май» /1923 ж./, «Ленин өлді» /1924 ж./ атты шығармалары бар.