ОМАР ШОРАЯҚҰЛЫ
(1878-1924 ж.ж)
Омар Шораяқұлы 1878 жыл 22 қазанда Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Майлыөзек ауылында дүниеге келген. (14 маусым 1924 жыл) – ақын. Алшын тайпасының Кете руынан шыққан. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған. Он алты жасынан бастап өлең шығара бастаған. Революцияға дейінгі Қазақстанның Сырдария төңірегіндегі аты көбірек аталатын халық құрметтеген ақынның бірі Омар Шораяқұлы.
Омар он жеті жасқа дейін өз ауылындағы Алдашбай деген молдадан оқып, мұсылманша білім алады. Өз бетімен көп ізденіп, Шығыс әдебиетімен жақсы танысады. Күн көру үшын өскен ортасын тастап, кәсіп іздеп 1896 жылы Қазалы қаласына келеді. Осы қаладағы Болташев деген саудагерге жалданып, тоғыз жыл жұмысын істейді. Жалшылықта жүріп ауруға шалдыққан Омар одан әрі еңбек етуге жарамаған соң 1905 жылы туған аулына келеді. Отбасын асырарлық аздаған малы болған өз туысқандарымен бірге бірлесіп, олардың шаруашылық жұмыстарына қолқабыс көмегін тигізеді.
Социалистік Ұлы Октябрь революциясы орнағаннан кейін Омар 3-4 жыл совет атқару комитетінің председателі, кейін судья болып қызмет атқарады.
Омар өлең жазуды оны алты жасынан бастайды. Шығармаларының ішінде көптеген толғау, терме, тақпақ, өсиет, мысалдармен қатар он бестен аса дастаны («Қара шекпен»,»Жарлы тәліп», «Кедей», «Тау елі» т.б.) және Қарасақал Ерімбет ақынмен жазып айтысқан айтыс өлеңі бар. Совет тақырыбына арнап та шығарма жазған. Газет-журнал бетінде, жинақтарда ақынның бір қатар шығармалары жарияланды. Оның творчествосына байланысты әр кезде айтылған пікірлер мен жазылған мақала, зерттеу еңбектері аз да болса бар. Алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз еге», т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілік пен имандылыққа уағыздайды. Омар мысал жанрында «Бір пияла май», «Қойшы мен ұры», т.б. туындылар жазды. Оның адалдықты үлгі ететін «Жарлы Тәліп», «Қара шекпен», әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен «Үш күлше» дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-дастаны – қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма. Омардың Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен арада болған жазбаша айтыстары, сондай-ақ әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған.
Омар шығармалары туралы алғаш М.Байділдаев «Ақындар творчествосы» (1959) атты кітабында жазды. Ақын өлеңдері «XX ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» (1963), «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Айтыс» (1965, 2-т.), «Бес ғасыр жырлайды» (1985, 3-т.), «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) жинақтарында жарияланған.
Омар Шораяқұлы 1924 жылдың 14 маусымында қайтыс болды. Қызылорда қаласында Омар Шораяқұлы атында көше бар.
Қызылорда облыстық филармониясының ұйымдастыруымен 2023 жылы 17 қыркүйек күні Астана қаласы, Е. Рахмадиев атындағы филармония концерт залында Омар Шораяқұлының 145 жылдығына арналған Сыр бойы дәстүрлі орындаушыларының “Сыр сүлейін сұрасаң…” атты концерті өтті.