ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУҰЛЫ
(1882-1939 ж.ж)
1882 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген.
Алғаш Алдашбай ахуннан сауат ашқан. Бұхара қаласында әуелі «Мир араб» (1896-1899), кейін «Көкілташ» медреселерінде (1896-1905) оқыған Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген.
Өзі медреседе оқи жүріп қарақалпақ елінде бала оқытқан. Осы тұста «Шәкірттерге», «Ұстаз ұсынысы», «Шөлмек» өлеңдерін жазған. 1905 – 1925 жылы ауыл мектебінде мұғалім, 1936 – 1937 жылы Қазақстан Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер болған.
Ақын алғашқыда өз ауылындағы Қожабай, Алдашбай, Ораз, Қалжан ахундардың, яғни сол кезеңдердегі білімге аса бай, елді ауызына қаратқан шешен, бала оқытқан ишандардың алдынан мұсылманша білім алып, өзінің өте зеректігін ұстаздары алдында ерте танытады. Аса алғыр баланың бойындағы ерекше талантты байқаған ұстаздары оны сол кездегі Таяу, Орта, Шығыс және Орта Азия елдерінің ұлық тұтатын, XVI ғасырдан білім ордасы саналатын Бұхарадағы әйгілі оқу орны – «Мир Араб» медресесіне оқуға аттандырады. Ол 1899 жылдан бастап сондағы «Көкелташ» медресесінде оқиды. Белгілі мәдениет қайраткері, Тәжік Ғылым Академиясының алғашқы президенті, академик жазушы Садриддин Сайдмұратұлы Айни да (1878-1954) осы жылдары «Көкелташ» медресесінің шәкірті болғаны анық. Тұрмағамбет пен Садриддин осында танысып, дос болып , осы медресені бірге тәмәмдаған, бір-бірін ұлық тұтып, үлкен сыйластықта болғаны мәлім. Тұрмағамбет ақын осы медресе қабырғасынан білім ала жүріп, оның бай кітапханасынан Шығыстың ежелгі мол мәдени, әдеби мұраларын еркін аударып оқи білген. Ол арабтың классикалық дүниесі «Мың бір түнін», үндінің «Тотынамасын», парсының «Шаһнамасын», Шығыстың жеті жұлдызы саналатын ақындар шоғырының шығармаларымен толық танысқан. 1937 жылы «Халық жауы» ретінде жалған жазамен сотталады. 1939 жылы жазасының жалған екені анықталып түрмеден шығады.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Тұрмағамбет ауылы бар. Қызылорда қаласында Тұрмағамбет Ізтілеуов атында көше бар.
Алматы қаласындағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында Тұрмағамбет ақынның ескерткіші қойылған.
Қызылорда облыстық филармониясы 2022 жылдың ақпан айында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 140 жыл жылдығына арналған «Тұғыры биік-Тұрмағамбет» атты жыр кеші, 2022 жылдың мамыр айында Алматы қаласында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында «Сыр сүлейін сұрасаң...» атты Сыр елі дәстүрлі орындаушыларының концертін ұйымдастырды.