ЫСҚАҚ БАЙДӘУЛЕТОВ

ЫСҚАҚ БАЙДӘУЛЕТОВ

 

Ысқақ Байдәулетұлы 1880-1881 жылдары Қармақшы аймағындағы Кете-Шөмекей аталығының жайлауы болған Ақтайлақ Кезеңде дүниеге келген. Орта дәулетті отбасынан шыққан Ысқақ ауыл молдасынан өз дәрежесіне лайық білім алып, ескіше сауат ашқан. Көзі ашық, көңілі ояу жас кезінен ел билігіне араласып, болыстық дәрежесіне дейін көтерілген. Қазан төңкерісі басталып, елге Кеңес Одағы орнай бастағанда Ысқақ жігіт ағасы болып, ел тани бастаған азамат болған. Қарапайым, сенгіш, туған жерінің жыршылық үрдісін сақтап, шайыр ағаларының шығармаларын насихаттауға үлкен үлес қосқан өнер өкілі де бола білген жан. Оған дәлел жергілікті ақын Әлиакбар Жұматаевтың «Кетенің Кемеңгері» атты ұзақ толғауында ол жайлы:

Доңбай мен Ысқақ, Мұрынбай,

          Сөздері зәмзәм суындай.

          Баппенен сөйлер балқытып,

          Балаша сасып ұрынбай.

          Әнменен ашар көңілді,

          Сәулелі күннің нұрындай... – деп мадақ келтіреді.

Ал енді Ысқақ ақсақалдың өміріндегі тарихи кезең белгілі қазақ ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен байланысты. 1939 жылы кезекті айдаудан науқастанып қайтқан Тұрмағамбет ақын соңғы «Алласын» айтып дүниеден өтеді. Белгілі фольклор, зерттеуші, ғалым Берік Жүсіпов Мырзалыұлының «Ойтұмар» атты кітабында «Жаназасыз жерленген ақын» деген тақырып бар. Сонда: «Ақын мәйітін түнделетіп жерлеп қайтқан үш туысы Кәрібозов Сақтаған, Ысқақ Байдәулетов, Алмас Мұсабектердің кейінгі тағдырының қандай күйге түскені белгісіз. Тек мәселенің бас-аяғы шешілмей, адам айтса нанғысыз сұмдықтың содан кейін болғаны» – деп келтіреді де, Тұрекеңді жерлегеннен кейін ауылға НКВД-нің екі-үш адамы келіп, ақынның өлгеніне сенбей қабырды ашқызып, өлгеніне көз жеткізгеннен кейін білегіне белгі салып қайта жерлегенін айтады.

Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған сәтте ақынға қараша үйде намаздап, арулап мәпелеуі сол кездегі көзқараспен қарағанда бастарын өлімге, азапқа қиған үш адамның ерлігі деп бағалауға тұрарлық іс болған. Елі үшін сол өнерінің құдіретінің иесі ақын ағаларына жасаған жанкешті ілтипаты, бұл әрекеті батырлыққа тең еді. Аузынан «Алласы» түспеген ақынға жасаған інілерінің қолынан өздерін-өздері мойындарын дарға дайындағандары емес пе? Сол ердің бірі Ысқақ ақсақал еді.

Ысқақ Байдәулетұлы 1965 жылы Тұрмағамбет ауылында қайтыс болды.