ҮБІСҰЛТАН АЯПОВ
(1889-1973 жж.)
1889 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, бұрынғы Ақтайлақ елдімекенінде Көкүлек деген жерде туған. 13 жасынан бастап халық ақыны Тұрмағамбеттің жазба өлеңдеріне көңіл бөліп, 30 жасқа дейін соның ізінде болды. Сыр бойына жыр күмбезін орнатқан Ешнияз Сал бастаған ақын-жырауларды жастайынан тыңдап өскен Үбісұлтан өзі де өлең айтқан. Қазақтың үш жүзінің шежіресін, Тұрмағамбеттің 40 мың жолдық «Шаһнамасын», басқа да бірнеше дастандарды жатқа айтқан. Ескіше оқып, жаза да білген.
1930 жылы Ақтайлақ деген жерде әуелі ауылдық кеңес төрағасы, кейін Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы болып жұмыс жасаған.
1934-1935 жылдары Ақтайлақтан қазіргі Тұрмағамбет ауылына қоныс аударған. Осы жылдары өкімет басшыларына Аю каналын қазу туралы ұсыныс айтып, оның қазу жұмыстарына басшылық жасаған.
1943 жылы аудандық ақындар айтысына қатысқан.
Кезінде Мардан Байділдаевқа Тұрмағамбеттің «Шаһнамасын» жатқа айтып берсе, Асқар Тоқмағамбетовке Ешнияз Сал, Кете Жүсіп, Балқы Базар, Дүр Оңғар сияқты ақын-жыраулар туралы деректерді баяндап берген. Филиология ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Дүйсенов Үбісұлтанға «Дала академигі» деген баға берген.
Белгілі жырау, шежіреші Үбісұлтан Аяпов – ел үшін еңбек етіп, ақындық, жыраулық өнердің өркендеуіне үлес қосқан белгілі тұлға. Қызылорда қаласында Аяпов Үбісұлтанның атына бір көше берілді.