МОЛДАХМЕТ ДАБЫЛҰЛЫ
(1893-1946 жж.)
Жүйріктей топтан озған озып дара,
Жүсіптей берген көрік ой мен сана.
Ікая, дастандарды жырлағанда,
Халайық тыңдайды екен ұйып қана.
Нұртай Түктіғұлов ақын.
Бұрынғы Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Жамансары болысы, №6 ауылда туған. Молдахметтің ата-тегі Кіші жүз – Алшын – Қаракесек – Шөмен – Шөмекей – Бозғұл – Келдібай – Әлдеберді – Мерей – Қалымбет – Қаржау – Алтай – Өмірзақ – Дабыл, одан Молдахмет туады. Ол көнеше араб әрпімен хат танып, жазарлық сауаты болған. 1946 жылы 18 қарашада Жосалы поселкесінде қайтыс болған. Қазақ мәдениетінің тарихында суырып салма ақындық-жыраулық, жыршы-қиссашылдық, термешілік-әншілік сынды өнер түрлерін бойына жинақтаған шығармашылық тұлғалардың бірі – Молдахмет Дабылұлы. Лирикалық және эпикалық шығармаларды өзіндік мақамдармен орындау мәнерімен «Молдахметтің боздамасы» атты әуендік-саздық үлгісімен танылады. Ақын-жырауларды үлгі тұта жүріп, өзінің де өнер айдынына құлаш ұрғанын халық айтады.