БАЙНА БОРАНБАЙҰЛЫ
(1896-1957 жж.)
Тайна менен Байна бар,
Жүлделі жүйрік бәйге алар.
Сүйкімді сөзін естісең,
Көңілің шат боп, жайланар...»
Әлиакбар ақын.
Талай-талай шайырларды, жыршы-жырауларды дүниеге келтірген қазіргі Қармақшы аймағындағы Ақтайлақ кезең топырағында ақын-жыршы Байна Боранбайұлы дүниеге келген. Сол кездегі жыраулар мен шайырлар көп шыққан ортада өскен Байна жасынан өлең, жырға әуес болып өсті. Кеңес Үкіметі орнағанға дейін замандастарымен қатар күн кешкен Байна Боранбайұлы Ұлы Қазан көтерілісі жемісін көрді. Елдегі кейінгі ұжым шаруашылығы мен Кеңес шаруашылығында (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) түрлі-түрлі жұмыстар жасады. Ауылдағы егін, мал шаруашылығында жүрсе де, ел арасындағы келеңсіздіктерді, қатарларының жақсы жетістіктерін тілге тиек етіп, өлең сөздерін жазып, оны өзі елдегі жыршы-жырауларға беріп, таратып, насихаттап жүрді. Сыр сүлейлері Ешнияз, Тұрмағамбет, Омар, Шегебай, Жүсіп, Мұзараптардың шығармаларын елге насихаттауда Байна жыршы, ақын көп еңбек сіңірген адам.
Ол өзі туған ауылында дүниеден өтті. Ұрпақтары Ырысты, Үміт, Айтуар, Ұлбосын, Бейбіттер қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде.