НҰРМАХАН ТАСБЕРГЕНҰЛЫ

НҰРМАХАН ТАСБЕРГЕНҰЛЫ

(1898-1984 жж.)

  «Нұрмахан, Берман, Әнуар,

Құйқылжыған әні бар.

Ойын күлкі, ән мен күй,

Бәрі өзінен табылар...»

Әлиакбар ақын.

 

Сыр бойында белгілі сүлейлердің бірі емес, бірегейі болған Дүзелбай ұлы Құламан, оның ұлы Тасберген. Сол Тасбергеннің бірінші әйелінен Нұрмахан, Әлима, Набира, Ақтұлым атты балалары дүниеге келген. Екінші әйелінен Сағат атты ұлы болған. Осы балаларының ішінде әкесінің жолын қуып, ата жолымен жыраулық өнерді өзіне өмірлік серік еткен. Тек қана 1898 жылы Ақтайлақ кезеңде дүниеге келген Нұрмахан болды. Кезінде көңілі жақын болып, бір өнердің ізінде болған атақты Ешнияз Салдың баласы Жүсіп (Кете Жүсіп) өзінің ағайыны Аманның қызы Болғанды Тасбергенге қосып, бөлек үй етіп шығарады. Кейін Тасбергеннен туған Нұрмаханға өзінің Рсалды атты қызын айттырып қосады. Бұл сол кездегі Жүсіптің өнерпаз Тасбергенге деген ықыласы болғанын көрсетеді. «Кедей Тасбергеннің өз алдына түтін түтетіп, үй болуына Кете Жүсіптің қамқорлығы көп еді...» –дейді ел ақсақалдары. «Біз әңгіме етіп отырған Нұрмахан жыраудың өмір жолы осылай басталды. Сырбаз, сымбатты, сал Нұрмаханның бұл бақыты ұзаққа бармады.  Жолдасы Рсалды қайтыс болып, одан Ділда атты жалғыз қыз қалып, оның да өмірі қысқа болып, ақыры Нұрмахан жырау жалғыз қалады. Оның үстіне Кеңес Одағы орнап, ұжымшарлар көбейіп, тірлік үшін сол шаруашылықта еңбек етуге тура келеді. Жыраулықтан басқа мамандығы жоқ Нұрмахан, мал бағып, егін егіп, арба айдап күн кешеді. Бұрын жыраулар елдің мойнында болып, еткен қызметтеріне ақы, пұл алып күн көрген жырауға қара жұмыс өте ауыр тиеді. Сонда да жыраулық кәсібін тастамай, домбырасы қанжығасында болады. Кейін Ақбала атты келіншек алып одан Қалдыгүл, Сәндігүл, Күләндам және Қалабай дүниеге келіп, қарапайым жанұясын қалыптастырады. Нұрмахан жыраудың жыр қорында, Кете Жүсіптің, Ешнияз салдың, Омар, Тұрмағамбеттің терме-толғаулары, дастандары, әндері болды. Халық арнап шақырып, от басында, жиын-тойларында шақырылып, жырларын, әндерін тыңдап бір сейіліп қалатын. Біз әңгіме етіп отырған Нұрмахан жыраудың бір ерекше шығармасы өз әкесі Тасбергеннен үйреніп алған Сыр бойына белгілі Сайыпназар Өтенұлының «Мұхамед-Ханафия» атты ұзақ дастаны болды. Кеңес Одағының кезінде тиым салынған жасырын, шақырып діни дастанды тыңдайтындар сол кездің өзінде көп болған. Сол «Мұхамед-Ханафияны» алғаш рет Нұрекеңнің 85 жасында          1983 жылы тыңдадым» – дейді өнер зерттеуші Жұмабек Аққұлов. Сол шығарманы Сыр сүлейлерінің таза мақамдарымен, әкесі Тасбергеннің маңырамасымен орындағанын көріп, естіп қатты таңқалдым» деп еске алады өнер зерттеуші. «Бізге жеткен 2 сағаттық ғана үнтаспасы бар. Енді сол таспадағы дауысты, мақам үлгілерін кейінгі жастарға жеткізу, біздің міндетіміз» – деп түйіндейді әңгімесін Жұмабек жырау. Енді сол Нұрмахан жыраудың өмірбаянына келсек. Ол Қармақшы өңірінде Бұқатышқан, Ақтайлақ жайлауында 1898 жылы туып, 1984 жылы қайтыс болды. Бейіті қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы Шымырбай аталығының (Текейдің баласы) қорымында. Оның жыраулық өнерін баласы Қалабай аз да болса үйреніп, ойын-тойларда халыққа қызмет етеді.