САРСЕНБАЙ БӨРТЕБАЙҰЛЫ
(1900-1970 жж.)
Күй-жырға еліктеуім содан болар,
Анамның ақ сүтімен алған қорек.
Сәрсенбай жырау.
Жырау Сәрсенбай Бөртебайұлы 70 жасында дүние салған ерекше мінезді адам болыпты. Әкесі Бөртебай жыршылық пен термешілік өнерін сұлулап, өзіндік әуен, мақам тудыра алатын, әнін алуан бояумен ажарлап өткен өнер адамы болған.
Сәрсенбай жырау 1900 жылы Қармақшы ауданында бұрынғы Бозарық, қазіргі Ақжар ауылында дүниеге келген. Сәрсенбай жырау ағасы Дүйсен екеуі ел аралап, жыр жырлап «Қос жырау» атанған. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақ елдеріндегі қазақ ауылдарында өнер көрсеткен. Оның мақамы өз тұсындағы жырауларға мүлдем ұқсамаған. Сонымен қатар, домбырада күй тартып, әрі ән айтқан әнші болған. Көбіне Құрақтың Досжанының күйлерін тартқан. Халықтың «Нан идірген», «Бұқтым-бұқтым», «Желдірме» басқа да күйлерін шебер орындаған. Сыр бойындағы белгілі ақындардың өлеңін, жыр-термелерін, толғау, хикаяларын айта отырып, арасында өз термелерін де орындаған. Қазіргі кезде Сәрсенбай жыраудың ел арасына тараған он төрт мақамы бар. Сәрсенбай жырау өзіндік өнерімен халыққа кеңінен танылғаннан кейін әріптестерімен ел аралап, жыр жырлаған. Осы кезде ол орындау шеберлігіне сай ерекше көзге түсіп, оның термешілік ұтымды мәнеріне өзімен иықтас жыраулардың өзі сүйсініп, тәнті болған. Бұндай үлкен құрметке ол жыраулық өнердің барлық қыр-сырын жақсы игерумен қатар өз өнеріне жауапкершілікті терең сезінуі арқылы ие болды. Жыраудың күрделі шығармаларынан «Мұңсыз хан», «Жүсіп-Ахмет», «Мақпал қыз» дастандары бар. Жыраудың жыр жырлап, халыққа қызмет еткен жерлерінің көлемі кең. Ол Түркістаннан төмен қарай Аралға дейін, Бұқар, Хиуа облыстарын, Қарақалпақ Республикасын тегіс аралаған. Деректерге қарағанда, Сәрсенбай жыраудың жыр мұралары 25-30 мың жолдан тұрған. Осыншама өлең жолдарын ол өз қолымен жазып, қолжазба ретінде қалдырған.
Оның толғау-термелерін, дастандарын баласы Алшынбек, немерелері Амантай, Майра жырлап өнер дәстүрін жалғастырды.