МАХАН БЕРЛІБЕКҰЛЫ
(1900-1974 жж.)
Олжабай, Махан,Шәймерден,
Қаделі жерде бәйге алған.
Сөз тасқыны табылар,
Аққандай бұлақ қайнардан.
Әлиакбар ақын.
Махан жас кезінен серілеу болып, ойын-тойдан қалмаған. Өлең айтуды 16-17 жасынан бастаған. Араб әрпімен жазуды білетін, арапша сауатты болған кісі.
1924 жылы Көктөбеде ашылған сауаттану мектебінен сауат ашуды бастаған. Сауаттану мектебінде Әбдікәрім Жүсіпбаев ұстаздық еткен.
1927 жылы Көктөбеде «Жаңа тілек» артелі құрылып, сол артелді ұйымдастырушылардың бірі болған.
1930 жылы осы артельдің ізінен «Жаңа тілек» колхозы ұйымдастырылған.
1932-1933 жылдары Махан әкеміз колхозға завсклад, предпомощь болып қызмет атқарған.
1940 жылға дейін Ақтөбе қаласында колхоз басшыларын дайындайтын курсты оқып келеді.
1941 жылы соғыс басталғанда аудандық военкомат Жантасов деген кісі Маханды соғысқа жібермей аң аулап, әскерге жергілікті аңның етін дайындайсың деп алып қалған екен. Шын мәнінде айтулы мерген болатын.
1944 жылы завферма болып, уақ мал фермасында қызмет атқарады.
«Қыз Жібек», «Қобыланды», «Алпамыс батыр» жырларын жатқа айтқан. «Тау еліне», «Тақ Сүлеймен», «Сәдуақас Сахи», «Жарлы тәліп» дастандарын және Балқы Базар, Тұрмағамбет, Нұрымбет Сары Шегебай, Ешнияз, Омар т.б. ақын жыраулардың термелерін орындаған. 1962 жылдан бастап көзі көрмей қалған.
1974 жылы қазан айында қайтыс болады. Махан Берлібекұлының қойылған жері Майлыөзек ауылынан екі шақырымдай жерде.
Маханнан төрт ер бала, бір қыз бала бар. Олар: Нұрмағамбет, Нұрдаулет, Бекдаулет, Мердәулет және Кенжегүл. Үшінші баласы Маханов Бекдәулет жақсы музыкант. Екінші баласы Нұрдәулет ойдан аздап өлең шығарады. Немересі Марина Маханова 2004 жылы «Жырау Бекен, Махан Берлібекұлдарының өмірі мен шығармашылығы» (Мәдени мұраларды жинақтау) тақырыбында дипломдық жұмыс қорғады.