МҰЗАРАП ЖҮСІПҰЛЫ

МҰЗАРАП    ЖҮСІПҰЛЫ

(1905-1972 жж.)

 

  Тұқымы ең жақсылардың келе жатқан,

  Белгілі ата тегің қайбір елге.

 Ұстадың ата жолын айнытпастан,

 Сені де санаған жоқ ешкім кемге.

   Әзірбек Ақшолақов ақын.

 

 

Қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Ол – ақын, композитор, әнші, фольклор мен әдебиет, әуез мұраларын  жинаушы.

1915-1920 жылы «Ақтайлақ кезең» мекеніндегі мектепте  Тұрмағамбет шайырдан  білім алған.

1926-1965 жылдар арасында ауылындағы мектепте  мұғалімдік  және  т.б.  қызметтер атқарған. Атасы Ешнияз сал, әкесі Жүсіп ақын секілді Мұзарап та лирикалық өлеңдерімен, дидактикалық-философиялық терме-толғауларымен, айтыстарымен, дастандарымен артына мол мұра қалдырған. Ол жастайынан қолына домбыра ұстап, Сыр бойы ақындарының шығармаларын жаттап айта бастайды. Осылай жұрт назарына ілігіп, ол он жасында жырау бала атанады. Мұзарап он алты-он жеті жасқа келгенде өзі де өлең жазумен айналысады. Жас ақын әуелгі кезде той бастау, ат сынау, ғашықтық, сыйластық жайлы өлеңдер шығарады. Ол сонау кезде ел басына ауыр қасірет төнген шақта өзінің қуатты өлең, жырларымен жабырқаған қалың қауымның көңілін жұбатты... Кейін есейіп, ой өрісі толысқан шақта халық аузындағы хикая ертегілер сарынында «Үш насихат», «Үш жұмыртқа», «Самұрық», «Бақытты бала» атты дастандар тудырған. Оның «Көркем қыз», «Мұңлы қыз» атты күйлері, «Балымша», «Жастармыз» деген әндері халық арасында кезінде кең тараған. Мұзарап әкесі Кете Жүсіптің мақамымен терме, толғау айтып, жыраулық өнерді өрістетуге өз үлесін қосты. Оның орындауында 34 ән, күй бәрі  дыбыс  лентасына  жазылған.

          Шығармалары «Пернедегі термелер» (1965 ж.), «Айтыс»     (ІІІ т.,1966 ж.), «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973 ж.), «Ленин деп  халық  жырлайды» (1969 ж.) жинақтарында жарияланған. Өмірі мен шығармашылығы туралы «Қазақ совет энциклопедиясында» (4 т., 1974 ж.), «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» жазылды.