РҮСТЕМБЕК ЖИЕНБАЙҰЛЫ
(1905-1966 жж.)
Рүстембек әннің бұлбұлы,
Мүзарап жырдың дүл-дүлі.
Әлиакбар ақын.
Ата-бабасының ата қонысы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Қуаңдария болысында (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) дүниеге келген. Әкесі Жиенбайдың жыраулық өнерін бала жастан бойына сіңіріп өседі. Арабша сауатты Жиенбай баласы Рүстембекке мұсылманша сауат аштырады. Әкесі Жиенбайдың «Бастау» әнімен қолына домбыра ұстаған Рүстембек келе-келе үлкен халықтық маңызы бар толғау-термелерді еркін шалқыта айтатын болады.
Жиенбай Рүстембекті ең алғаш үш жүздің басы қосылған Шонайдың жасаған асына алып барып, елдің игі жақсыларының алдында жырлатады. Осы аста Рүстембек «Бала жырау» деген атпен елге танылады.
Рүстембек Сыр сүлейлері даңқты Ешнияз сал, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет жырларымен бірге әкесі Жиенбайдан «Көрұғлы» сияқты көлемді дастанды үйреніп жырлайды.
Рүстембек жырау Кеңес кезінде ашылған Қызылорда қаласындағы рабфакты бітіріп, Күйеу асардағы бастауыш мектептің директоры қызметін атқарады.
1942 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Сталинград майданында болды.
1945 жылы соғыстан қайтып оралады. Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған жырау ата дәстүрі жыраулық өнерін қайта қолға алып, елдің, халықтың жыраулық өнерге деген сүйіспеншілігін, ықыласын бұрынғыдан да биіктете түседі. Рүстембек жырау ғана емес, ақын, әнші де. Оның «Ақтолық», «Жаным моншан» сияқты әндері Қазақстанға кең тараған.
Рүстембек жырау 1966 жылы туған елінде қайтыс болды. Рүстембектің балалары Ыдық, Ерші, Көшеней, Бидас ата-бабаларынан мұра боп келе жатқан жыраулық өнерді жалғастырушы ұрпақтар деуге бүгінде толық негіз бар. Рүстембектің ұлдары Көшеней мен Бидас Сыр бойындағы жыраулық өнердің қанатын кеңге жайып, қарыштап дамуына өз таланттарымен өзгеше із салған өнерпаздар.