ЖАЛҒАСБАЙ ТҰЯҚБАЕВ
(1908-1967 жж.)
Қармақшы ауданындағы Ақбел елдімекенінде, қазіргі Ақжар ауылында туған. Сыр мақамымен жыр айтуды 13-14 жасынан бастаған.
Ақжар кеңшарында ауыл шаруашылығы жұмыстарының түрлі салаларында еңбек ете жүріп шаруашылықтың қат-қабат тірлігімен қатар өнерді ұстайды.Жыр үстіне жыр төкті. Ол «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Тазша бала», «Айна мен тарақ» т.б. қисса, дастандарды таңға дейін үзбей жырлаған. Әсіресе, ХХ ғасырдың 60 жылдарында ерекше шабыттана жырлап елдің өнерге, жырға деген сүйіспеншілігін оятты. Оның «Жетіқарада» жүріп туған жерге, елге деген сағынышы мөлдіреп, өлең жолына айналған. Ол өлеңін «Сағындым ғой Жосалының жусанын» деп атаған:
... Туған жер атамекен амансың ба?
Құты бар қарт атаның батасында.
Оралсам Жосалының жусанына,
«Балам» деп бауырыңа басасың ба?
Мекенім жүріп жатқан Жетіқара,
Жан анам балаңды ойлап алаңдама.
«Еркек – тоқты құрбандық» деген сөз бар,
Көнермін, көнбесіме амал бар ма? – деп өзінің туған жерге сағынышын жеткізеді. Бірде соғыста, бірде айдауда жүріп, арпалыс өмірді бастан кешті. Ол белгілі ақын-жыраулардың қисса-дастандарын жырлаумен қатар «Тәңірім тілеуіңді екі етпесін», «Майданнан хат», «Сағындым ғой Жосалының жусанын» тағы басқа қысқа өлеңдер шығарған.
Жалғасбай Тұяқбайұлының жырларын бір ізге түсіру мақсатында Сыр еліндегі белгілі жыраулар Алмас Алматов пен Жұмабек Аққұлов біраз ізденістер жасады. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жергілікті басылымдарға, «Аза», «Зерде» атты кітаптарға енген.