БЕРМАН БИСЕНБАЙҰЛЫ
(1909-1993 жж.)
Аңқы даусым, сайра тілім,
Бүгежектеп айналама.
Бас тартпа,
Халқың құшақ жайғанында.
Берман жырау.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы 11 ауылда дүниеге келген. Бала кезінен өңіріндегі Сыр сүлейлері мұраларын жаттап, жырлап, өзі де соларға еліктеп өлеңдер шығарған. Сыр сүлейлерінің дастан-хикаяларын, толғау-термелерін кейінгі ұрпаққа жеткізуші, әрі насихаттаушы Берман Бисенбаев еді. Ол ақын-жыраулардың терме-толғауларын, сонымен бірге өзінің шығармаларын да жырлап таратқан. Сол арқылы «жырау Берман» деп танымал болды. Өмір жолында ауыл шаруашылық дақылдарын өсірумен айналысқан. Тұрмағамбет ауылында «Ленин» орденді азаматтар санаулы. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагері, яғни КСРО-ның батыры Тәйімбет Көмекбаев, еңбек ардагері Сәлима Жұмабекова, №1 Жақаевшы куәлігінің иегері Әбен Тоғызбаев, содан кейін күрішші Берман Бисенбаев еді.
Берман ақсақалдың еңбек жолындағы жоғарғы көрсеткіші үшін 1968 жылы Қазақ ССР-нің Құрмет кітабына есімі Алтын әріппен жазылса, 1979 жылы «Еңбектегі табыстары үшін» медалімен марапатталды. Берман еңбек ете жүріп жыраулықты қатар алып жүрді. Шығыстың классикалық әдебиет дәстүріндегі қисса-дастандарды, тарихи жырларды басым жырлаған. Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары т.б. Сыр бойы шайырларының толғау-термелерін, хикая-дастандарын, Тұрмағамбеттің «Рүстем-Дастанын», Наурызбайдың «Тазша баласын» жатқа біліп, Сыр мақамдарымен таңнан-таңға дейін жырлайтын Берман ақсақал өте әңгімешіл кісі еді. Жиын тойларда, өзі жырлайтын ортада жұртты әңгімемен ұйытып, терме-дастандарды жырлап, жұртты жалықтырмайтын. Жыраулығымен қатар белгілі сүлейлердің бірі Қарасақал Ерімбеттің қазақ шежіресі туралы дастанын, Кете-Шөмекейдің шежіресін жатқа біліп, оны қағазға түсірді. Берман Бисенбаев жыраулықпен қатар шебер күйші де болды. Мұзараптың «Тәнтен қыз», «Шаттық», «Тоқым тыққан Қыстаубай» күйлерін құйқылжыта тартатын. Өз ойынан мысал өлеңдер жазған. 1993 жылы 24 қыркүйекте 71 жасында дүниеден өтті.