ӘЛИАКБАР ЖҰМАТАЕВ

 

ӘЛИАКБАР ЖҰМАТАЕВ

(1910-1987 ж.ж)

 

Әлиакбар Жұматайұлы 1910 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы қазіргі Тұрмағамбет ақын атындағы ауылда (бұрынғы №10 ауыл) дүниеге келген.

Жаратылысынан өз бетінше ізденуге, талпынуға құмар жас баланың алғашқы сауат ашуына, фольклор мен әдебиет шығармаларымен таныса бастауына сол кезде ауылға, аймаққа діни- ислам ағартушылығы мен ақындығымен қызмет етіп жүрген Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ықпалы зор болады.

          1927 жылы оқу, кәсіп іздеп Ташкент қаласына барып, теміржол инженерінің үй жұмысына көмекші, одан кейін сол өңірде ұйымдасқан «Рассвет» ұжымшарына (колхоз) мүше болып қызмет етеді. Кеңес мемлекетіндегі уақыт талабына сай қоғамдық-әлеуметтік оқиғаларының ортасында замандастарымен бірге әр алуан істерге қатысады. «Рассвет» ұжымшары басқармасының шешімімен «Аққабақ» суландыру тәжірибе станциясындағы екі айлық агрономиялық курсты бітіріп, аталған ұжымшарда агроном болып қызмет атқарады. Сол жылы Ташкенттегі САГУ-дің жұмысшы факультетіне (Рабфак) түседі. Каникул кезінде Қармақшыға оралып, өзінің туған жері №10- ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет істеген. Бірақ одан әрі тұрмыс қиыншылықтарға байланысты оқуын жалғастыра  алмайды.

          1932 жылға дейін Қармақшы кентінде поселкелік кеңестің хатшысы, төрағасы, 1932-35 жылдары Өзбекстанның Бекбуды ауданында жол мастері, 1935-1937 жылдары Қармақшыда халық шаурашылығын есепке алу мекемесінің инспекторы, Жосалы аэропортында қызмет атқарған.

          1937 - 1947 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Мартук ауданында Қандыағаш- Гурьев темір жолында бақылаушы, аудандық кеңес атқару комитетінде нұсқаушы, қаржы бөлімінің уполмизагтың агенті, темір жол станциясының бастығы болып қызметтер атқарады.

          1947-1970 жылдар арасында зейнеткерлікке шыққанға дейін туған жері Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылында еңбек етті. Колхозшы, агроном, құрылыс десятнигі, кеңшардағы кадр бөлімінің бастығы қызметтер атқарды.

          1930 жылы үнді фольклорындағы сюжет негізінде жазған «Жүз сауал»атты кең көлемді дастаны қолжазба қалпында маңайдағы халыққа кеңінен тарайды.

          Ақынның азаматтық- әлеуметтік лирикаға жататын бірақ өлеңдері бар. Мысалы: «Тұрамағмбет Ізтілеуов туралы», «Мен- молекула», «Жаңа қала», «Қуаңдария», «Құнды сөз», «Мақсатым», «Ұлы табыс», «Түлектерге», «Бидайдың көрінісі», «Күрішшілерге», «Ақ күрішті алты қыз», «Жігіттерге», «Сәулелі  жұлдыздар» .«Мұзарап табытының басында», «Садыққа көңіл қос», «Үбісұлтан ағаға», «Көшенеймен қоштасу», «Шаршатып шал дегізіп». Сатиралық өлеңдері «Дүмше молдаға», «Машарапқа 1.2.3. өлеңдер», «Ақжардағы Алтынбекке», «Қазалыда», «Мәрияшқа» т.б.

Қисса- дастандары тарихнамалық- деректілік негізділігі мен ертегілік – аңыздық суреттелуі тұтасқан сипаттарымен ерекшеленеді. Мысалы: «Әбуғали ибн Сина», «Қаз дауысты  Қазыбек», «ЮХА  жылан» (сатиралық мысал-дастан), «Қара Қисық батыр», «Шежіре», «Баян батыр», «Жүз сауал», «Кесік бастың хикаясы», «Піл сахабасы», «Әкім Лұқпан», «Раджаның дана қызы», «Арал теңізі жайлы аңыз», «Зақұм», «Алын балық», «Қырық қарақшы», «Моладағы қу бас», «Есуас хан», «Қыдыр көрген патша», «Жаһан кезген Жәрімбет», «Қара уәзір», «Назым Сияр Шәріп» дастанын өзінше тәржімалап (шағатай тілінен) өңдеп, 5000 жолдай дастанды 15 мыңға дейін жолын көбейтіп, кейбір діни кітаптардан  оқығандарымен толықтырып, кеңейте, жаңғырта жырлаған. Сол сияқты Қазанда Жүсіпбекқожа бастырған, «Кербала яки Хұсайын шаһзаданың хикаясы» атты дастанды да дәл осылай өңдеп  жазылғанын көреміз.

          Ақынның айтыс жырлары («Әлиакбар мен Мұзарап», «Саудагер Оспан мен жетім қойшы», «Мұзарап пен Әлиакбар» т.б) да  хат- өлең үлгісімен пікір жарыстыру сайысының үлгілері ретінде бағаланады.

          1987 жылы 26 шілдеде Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүние салған Әлиакбар Жұматайұлы 220-ге жуық жазған шығармаларын 43 мыңдай жыр жолдарын ұрпақтарына мұра етіп қалдырған ақын. Ақын мұрасын қызы Бәһар Әлиакбарқызы сақтап, інісі Жүсіпов Қасым екеуі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына тапсырған.