ОЛЖАБАЙ ЖҮРГЕНҰЛЫ
(1911-1974 жж.)
Қармақшы аймағындағы қарт жыраулардың бірі Жүргенұлы Олжабай Қармақшы ауданына қарасты Майлыөзек ауылы төңірегінде, Түпбөгет деген жерде дүниеге келген. Кедей шаруаның баласы ауқатты жандардың тірліктеріне араласып, халық қатарлы күн кешеді. Колхоз ұйымдастыру кезінде колхозға мүше болып, колхозшылықпен сол туған ауылында түрлі-түрлі ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Олжабай өзі де өлең сөзге үйір болып, терме, толғау, дастандарды жас кезінен бойына сіңіріп өскен жан.
Өзінің туған жеріндегі дін өкілдері Алдашбай, Асан т.б ғұламалардың кейінгі ақсақалдардан естіген ұлағатты, тәрбиесі мол әнгіме, жырларын құя берді. Колхоздың түрлі шаруашылығында жүріп-ақ сол жердегі Жөнелдікұлы Ешнияз салдың әндері, Кете Жүсіп, Бектастың Шегебайының, Мұзарап ақын, әнші, композитордың, Тасберген жыраудың, Тұрмағамбет, Омарлардың жыр-терме, толғаулары мен ән-күйлерін жаттап, ойын-тойларда орындап, өнерпаздар қатарына қосылды. Әсіресе Ұлы Отан соғысы кезінде (өзі денсаулығына сәйкес бара алмаған) күйзелген халықтың рухани еңсесін көтеруіне үлкен үлес қосқан өнерпаз. Соғыстан келген өлең-хаттарды, соғысқа жазған елдегі азаматтардың өлең-хаттарын жаттап, соғысқа кеткен бауырлары мен балаларын, әкелерін сағынып жүрген аналар, аталар мен апа-қарындастарының, балаларының мауқын басты. Бұл сол кездегі Соғыс зардабын шегіп отырған ел үшін үлкен рухани көмек еді. Ұлы Отан соғысына қосқан Олжабай өнерпаздың еңбегі өте зор болды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі өнер – жыр» кафедрасының студенттері келіп, Олжабай Жүргенұлының шығармашылығынан диплом жұмысы қорғалды. Бұл Олжабай ақсақалдың еңбегіне берілген баға деп бағалауға болады. Олжабайдың екі қызы Апуза мен Пакиза қазір Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Әке өнерін ұмытпайды, немерелеріне айтып отырады. Қазақ дәстүрлі жыраулық өнердің өкілі Алмас Алматов кезінде Олжабай ақсақалдан дәріс алып, өзінің өнерге деген талпынысына қанат бітірген.
Олжабай Жүргенұлы 63 жасында 1974 жылы дүниеден өтті.