ЗАЙЫР РАХАТОВ
(1913-1990 жж.)
Зайыр – «Сегіз қырлы, бір сырлы» көшелі өнерпаз. Бұлай деуімізге оның сұңғыла сөзгерлігі, асқан әнші-жыршылығы, кемел күйшілік өнері дәлел. Ол Сәрсенбай, Мұзарап, Рүстембек жыраулар мен Жалдыбай, Төлеген сынды күйшілерден дәріс алды. Және бұл күнде есімі елеусіз боп кеткен өнер саңлақтарынан халықтың ескі ән-күй жауһарларын үйреніп, оны көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге табыс етті. Зайыр Рахатовтың орындауындағы шығармалар жүйелі түрде үнтаспаға түсірілді. Бұл күндері көптеген архив қорларынан оның орындауындағы ән-күй үлгілерін кезіктіруге болады. Әсіресе Зайырдың орындауындағы көне күйлердің орны ерекше. «Ортеке», «Сыр адайы», «Қыстаубай», «Арғынғазының күйі», «Үмбеттің Ақжелеңі», «Кемпірдің зары», Мұзараптың «Шаттық» күйі сияқты шығармалары түрлі архивтердің алтын қорына айналған.
Күйшілік Зайыр Рахатов шығармаларының бір қыры ғана. Оның жыршылығы, әншілігі, әңгімешілігі өз алдына бөлек арна.
Сырдың ақыны Тұрмағамбеттің «Шаһнамасынан», «Зүлһах», «Ашкабус батыр», «Сауда ишан» қиссаларын жатқа орындаған.
Зайыр Рахатов 1990 жылы 77 жасында Қармақшы ауданында дүние салды.