КІРТАЙ БӨРТЕБАЙҰЛЫ

КІРТАЙ БӨРТЕБАЙҰЛЫ

(1905-1978 жж.)           

Кіртай Бөртебайұлы 1905 жылы Кете-Шөмекей қонысы Ақтайлақ-Кезеңде дүниеге келген. Жаңа үкіметтің ызғарымен Бұқара облысына көшіп, Ұлы Отан соғысы біткесін ғана елге оралады. Майлыөзек, Ленин атындағы колхоз, совхоздарда егін егіп, мал баққан Бөртебай, баласы Кіртаймен қатар еңбек етті.

Жаңадан құрылған Жаңақала мал совхозына қоныс аударып, оның «Кекірелі» деген мал фермасында мал бақты (қой шаруашылығы). Кіртай бабаларының үрдісі болған сөз өнеріне құмар болып өсті. Біреудің оқып білгенінен (сауаты болмаған) бірнеше қисса, дастандарды құйма құлақ жыраудың екі-үш оқығаннан кейін жадында сақтап қалу қасиеті зор болады.

Оның жыр қорында Көрұғлы, Ескендір Зұлқарнайын, Рүстем-Дастан, Тақ Сүлеймен секілді қисса дастандар бар. Қанша қиындықты басынан өткізсе де Кіртай ақсақал өлең-жырдан қол үзбеген.

Кіртай жыраудың баласы: «Әкеміздің кішкентай кезінде Қаратамыр Дүр Оңғар үйге келгенде, үлкен анамыз баласы Кіртайдың аузына түкіруін сұраған. «Содан болуы керек, Кіртайым жырау болды» – деп отыратын еді» – дейді 1946 жылы туған Нұрлыбек ақсақал. Кейін үн таспаға жазылған дауысын әркімдер алып кеткен. «Ел ішінде оның дауысы қалған болуы керек» – дейді жыраудың баласы.

Жыраудын 1 ұлы, 2 қызы болған. Олардың ұрпақтары қазір Байқоңыр, Қызылорда қалаларында Тәйімбет Көмекбаев ауылында, Қармақшы ауданында тұрады. Жырау Кіртай Бөртебайұлы 1978 жылы Жаңақала совхозында дүние салған.