Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылында Мырзас ауылында дүниеге келген. Руы -Әлім одан Жақайым, одан Бәйімбет аталығынан. Мұхаммеди ишан медресесінде оқып, арабша сауаттанған. Жастай өлең, жырмен шұғылданады. Сол замандағы атақты шайырлар: Абай, Шернияз, Махамбет, Беркімбай, ағасы Сұлтан т.б. ақындар мен бабасы Еспембет жыраудан үйреніп тәлім алды. Татардың белгілі ақыны Ақмолдамен шығармашылық байланыста болған. Нұртуған жетпіске тарта толғау, термелермен қатар жеті дастан жазды. «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Тағай-Мұрат», «Ақтабан шұбырынды», «Ақкете Шернияз», «Қобыланды», «Едіге» жырлары қазақ халқының өшпес мұрасы. Сол кезеңде Мырзаста Нұртуған төңірегінде жыраулар мектебі қалыптасып, көптеген талантты жастарды тәрбиелейді. Отыз мың жолдан астам өлең, дастан, толғау, термелері жинақталды. Нұртуғанның жастай жетім қалып, тұрмыстың қиындығы мен таршылығын көп көруі ауруға шалдықтырып, не бәрі қырық үш жасында дүние салды.
Профессор Ә.Қоңыратбаев: «Тарихшылдық пен өсиетшілдіктен басқа Нұртуған ақын тілінде өзгеше бір халықтық сипат бар» – деп бағалады.
Қызылорда қаласында Нұртуған Кенжеғұл атында көше бар.
Арал ауданында мәдениет орталығына қарасты Нұртуған Кенжеғұлұлы атындағы ақын, жыраулар үйірмесі бар. Жетекшісі – Гүлжамал Бейісова.