СҮЙІНБАЙ ҚОЖАТАЙҰЛЫ АҚБАЕВ
(1919-1999 жж.)
Үйретіп шәкіртіне жыр-өнеге,
Үй тігіп мақам атты жыр-кереге.
Дәстүрін жыраулықтың жалғастырған,
Ақылшы ұстаз еді кейінгіге.
Бекежан ақын.
Ақбаев Сүйінбай 1919 жылы Томарбөгет ауылында дүниеге келген.
1932 жылдан латын, кейін орыс альфавитімен хат танып, кейін педагогикалық училищені оқыды.
1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Келгеннен кейін 1940-1980 жылдар аралығында үздіксіз 40 жыл ұстаздық қызмет атқарады. Алғашқыда Томарбөгетте бастауыш, кейін «Оян» ұжшарында, Сталин атындағы 7 жылдық, 1950 жылы Каганович, Тұрмағамбет атындағыорта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Еңбек еткен жылдары мемлекеттік грамоталармен, Ұлы Жеңістің 40-50 жылдық медальдарымен, көп жылдық еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Зейнетке шыққаннан кейін №29 мектеп жанынан «Тасберген жырау» мектебін ұйымдастырып, сол мектепте 15 жылдай сабақ берді. Сүйінбай жыраудан дәріс алған марқұм Қуандық Бүрлібаев, оның баласы Амандық Бүрлібаев, Жаппар Тұңғышбаев, өзінің қызы Жадыра Қожатаева, Гүлсара Байменова, Нұршат Наурызбаева т.б. көптеген жастарымыз қазіргі уақытта халыққа қызмет етіп жүр. Сүйінбай Ақбаев ол тек жырау ғана емес, ол әрі күйші де. Құрманғазы, Дәулеткерей, Динаның т.б. күйшілердің күйлерін насихаттаушы. Сүйінбай ақсақал Көрғұлыдан Раушанбек, Кәжденбек, Шораяқтың Омарынан «Жарлы Тәліп», «Үш күлше», «Тақ Сүлеймен», Балқы Базардан «Айна мен тарақ» дастаны мен бірнеше терме-толғауларды, Жүсіп Ешниязұлынан «Сұрмерген», Қарасақал Ерімбеттен «Сәдуақас сақи», жауынгер ақын Әбзәли Егізбаевты «Дад дастанын» жырлаған. Сыр сүлейлерінің қисса-дастандарын, терме-толғауларын қалың дәптерге өз қолымен түсіріп, жинақтаған фольклоршы.
Сүйінбай Ақбаев Сыр бойының маңырамасын таспаға түсіруде көп еңбек сіңірді. Мәскеуден жыр зерттеушілері екі рет келіп, Рүстембектің, Көшенейдің, Мұзараптың, Тасбергеннің маңырамалары мен жырларын Сүйінбай арқылы жазып, таспаға түсірген.
1999 жылы Тұрмағамбет ауылында қайтыс болды.