САҒЫНТАЙ ТӨРЕБАЕВ
(1919 -1972 жж.)
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Дауылкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ауыл балалары секілді елдегі мектептен сауат ашып, кейін педогогикалық курсты бітіріп, өзі оқыған мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы жиырмадан асқан жас жігіт құрдастары, замандастары секілді майданға аттанады.
Алғашқы әскери дайындықтан өткен жас жауынгер бірден Сталинград қанды қасабына тап болады. Ұлы Отан соғысынан жараланып елге оралған жас мұғалім, өз ауылындағы №29 орта мектепте ұстаздық қызметін жалғастырады. Кейіннен жоғарғы оқу орнын сырттан оқып бітіріп, жоғарғы білім иегері болады. Жасынан өлең-жырдың ортасында өсіп жетілген Сағынтай өзі де сол ортаға бейімделіп құрдасы Сүйінбай мен бірге қатар жүріп, елде болатын жиын-тойларда, мектептегі кештерде өз өнерін халыққа тарту ете білді. Соғыс кезіндегі майданға, майданнан жіберілген өлең хаттар мен қоса ескі қисса-дастандарды тыңдаушыға жеткізуді мақсат еткен Сағынтай жырау ерінбеді, тыңдарман қауымды риза етті. Сол заманғы ақпарат құралдарының кемшін кезінде елдің кәдесіне жараған ел арасында жүрген әншілері, күйшілері, жыршы, жыраулары еді. Сол жыраулардың бірі – Сағынтай жырау.
Ата-баба салтымен өнер қуған Сағынтай әлінің келгенінше елге рухани қызмет етті. Ол Көрұғлы дастанының толық нұсқасын жырлаған.
Ұрпақтары аталарын, әкесін ардақтап, үнемі еске алып отырады. Жыраудың суретін, қысқаша өмірбаянын берген Мұхит бауырымыз ұлына көп-көп алғыс айтамыз.
Жыраудың ұрпақтары Қармақшы кентінде тұрады.