ӘБДІХАЛЫҚ ҮМБЕТБАЕВ
(1929-2001 жж.)
Әбдіхалық Үмбетбайұлы 1929 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұстас келген Әбдіхалық елмен бірге қиындық көріп, ерте есейді. Он бес жыл ауыл шаруашылығында жұмысшы, жиырма жыл Қарақұм мен Қызылқұм төсінде шопан болды. Зейнеткерлікке шығардан бірнеше жыл бұрын диқан атанып, егіншілікті кәсіп еткен.
Әбдіхалық Қорқыт ата қобызының үні шыққан, жүз шайырдың даусы қалықтаған жерде өскеніктен кішкентай кезінен көнеден қалған есті сөзге жүйрік жыраулардан жеткен өсиетті өлең мен сүйкімді сазды әуендерге ынтық болды.
Әбдіхалық жыраудың жатқа айтатын жыр, толғаулары көп. Ол әсіресе, ел аузында сирек айтылатын «Үш жігіт» дастанын өте шебер орындаған. Әбдіхалық жырау «Өлке» баспасынан шығатын «Зерде» кітабына енгізілген қармақшылық бір топ жауынгер ақындардың жырларын іздеп табуға белсене үлес қосты. Өз архивінен Қаршыға Әлиев сияқты белгісіз жерлестеріміздің кейінге тастап кеткен жыр сәлемін тапты. Бұл үлкен азаматтық іс болса керек.
Ұрпақтары Қызылорда, Атырау, Астана қалаларында тұрады. Жыраудың шығармашылығын жинап, бізге дейін жеткізген ұлы Дүйсенбайға алғысымыз шексіз.
2001 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеден өтті.