ЗАПА ДӘУЛЕТБАЕВ

ЗАПА ДӘУЛЕТБАЕВ

(1929 -2008 ж.ж)

 

Запа Дәулетбаев 1929 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы бұрынғы №10 ауыл, «Қалыңбас» колхозындағы Ақтайлақ деген мекенде қазіргі Тұрмағамбет ақын ауылында Дәулетбай Қауыновтың (1896-1977 ж.) отбасында туып, осындағы орта мектепті бітірген. Ең алдымен туған ауылында колхозшы, 1952-1957 жылдар аралығында «Ақжар» МТС-те тракторшы, кейіннен «Ленин» атындағы совхозда жұмысшы болады. Жасынан-ақ ауыз әдебиетін құмарта тыңдайтын. Ауыл басшыларының ұсынысымен төрт колхоздан біріккен «Ленин» атындағы совхоздың клуб меңгерушісі, кадр бөлімінің басқарушысы болып жарты ғасырға жуық туған жерде туын тігіп, ауыл мәдениетін көтеруде, кадрларды тәрбиелеуде ынта-жігерін арнады.

        Ауылындағы белгілі ақын-жыраулардан үйрене жүріп, өзі де шағын мақалалар мен шумақтар жаза бастаған. Келе-келе қаламы қарыштап, көлемді мақалалары мен өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. Сондай-ақ, З.Дәулетбаев тарихи жырларға ден қойып, Қармақшы, Қорқыт өңірлеріндегі билер мен батырлар жайлы толғау, дастандармен қатар Тұрмағамбет Ізтілеуовке, Сүлеймен Есқараевқа, Роза Бағлановаға, Көшеней Рүстембекұлына арнаған арнаулары, аңыз ізімен жазылған «Жеті асар», Сыр сүлейлері туралы толғаулары ерекше оқылады. Оның кейбір толғауларын жыраулар айтып жүр.

Елді отырықшылдыққа бастаған Қара Кете Есетбай би, елін жаудан қорғап өткен Қара Қисық батырлардың өмір жолдарын оқырмандар З.Дәулетбаев жазбаларынан оқи алады.

Запа Дәулетбаев елдің бірлігін сақтауда, ағайын арасындағы реніш, өкпе-назды шешуге араласты. Тәуелсіздіктен қуат алған ақын, шежіреші, құймақұлақ қария З.Дәулетбаев өлке тарихын зерделеушілердің бірі болған.

Ол бірнеше рет ауылдық кеңестерге депутат болып сайланған. 1970 жылы мерекелік медалімен, Қызылорда облыстық кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды және 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды. Сондай-ақ, Сыр елінің бас газеті «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің тұрақты авторы еді.

Запа Дәулетбаев  2008 жылы қайтыс болды. Алматыдағы «Кеңсай» қорымына жерленді.