ШӘМШАТ
ТӨЛЕПОВА
(1930-2002 жж.)
Шәмшәттің әні шамамша,
Құйғандай қымыз кесеңнен.
Разақ ақын.
Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев ауылында дүниеге келген. Өнер әлеміндегі жолын 12 жасында бастаған Жас қыздың жыраулық талантының ерте оянып, өнерге бейімділігінің барлығын сезген өнер жанашырлары оны облыстық филармонияға шақырады. Ақын, әрі сазгер Нартай Бекеженов басқарған эстрадалық өнер бригадасында жүйрік жырау Рүстембек Жиенбаевпен бірге қызмет жасай жүріп, солардай дарыны асқан өнер адамдарынан тәлім-тәрбие алып, жыраулық өнердің қыр-сырына қаныға түскен Шәмшат аз уақытта жұртшылыққа өзінің табиғи талантымен таныла бастады. Нартай өнер бригадасы құрамында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан Республикасын аралап, өз өнерімен халық ықыласына бөленді.
Шәмшат Төлепова өнерінің нағыз шарықтау кезеңі 1960-1970 жылдар аралығы болатын. 1986 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан жыраулық мектеп ашып, жетекшілік жасады. Одан дәріс алған термеші, жыршылар бүгінде облыс, республикаға танымал өнерлі жастар. Халқымыздың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Шәмшат Төлепова Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы 20 сәуірдегі Қаулысымен «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген құрметті атағына ие болды.
Өнер сапарымен Санкт-Петербургте өткен «Жыраулық дәстүр» лекция-концертте 1997 жылы Алматыда өткен Лорд конференциясында болды.
1985-1987 жылдардағы І-ІІ Бүкілодақтық халықтар көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауының жеңімпазы, 1999 жылдың қорытындысымен «Ғасырдың өнер шебері» атағына ие болды.
2016 жылдың желтоқсан айында Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Қармақшы аудандық мәдениет үйі комуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Шәмшат Төлепованың есімі берілді.