КӨШЕНЕЙ РҮСТЕМБЕКҰЛЫ
(1946-1973 жж.)
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында /бұрынғы Ленин колхозы/ дүниеге келген.
Атақты Жиенбай жыраудың немересі. Өз әкесі жырау Рүстембекте белгілі ақын, жырау болған. Көшеней әкесінің тәрбиесімен жасынан домбыра тартып, жыр айтуға машықтанған. Сыр бойының шайырлары Базар жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбеттің шығармаларымен қатар «Көрұғлы», «Қыз Жібек», «Рүстем-Дастан», «Қобыланды батыр» жыр- дастандарының төрт түрлі музыкалық әуенін нотаға түсіреді. Ол «Құлагер» фильмінде Ақан серінің баласы рөлінде ойнады. Көшенейдің өзі шығарған өлеңдері, термелері, толғаулары, айтыстары да бар. Олардың біразы мерзімді баспасөзде, жинақтарда «Қазақтыңқазіргі поэзиясы» /1973 ж./, «Жамбыл және қазіргі поэзиясы» /1975 ж./ жарық көріп, орыс іліне аударылды.
Көшеней 1968 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті және музыка факультетін бітіріп, Ақжар кеңшарында мұғалім болды.
1971-1973 жылдары КСРО Ғылым академиясы А.М.Горкий атындағы дүниежүзі әдебиеті институтының аспирантурасында оқиды.
Көшеней жас кезінде түнгі ұйқыдан шошып оянатын көрінеді. Анасы: «Балам, не болды?» – деп бәйек болатын. Сонда Көшеней: «Бір жолбарыс келіп, жауырынымнан тістеп жатыр, содан шошыдым» дейді. Анасы мұның мәнін түсіндіріп, «саған ата-бабаның аруағы қонайын деп жүр, жолбарыс атаң Жиенбайдың демеушісі, аруағы еді, енді бұл жыраулық саған ауысты, басыңа қонады» – дейді. Осыдан бастап жыраулық өнерді кеңінен насихаттаушы болады. Көшенейдің домбырашылығы, әншілігі, ашық тартымды даусы оны жыршылық туын көтеруге арнап жаратқандай еді. Жарық жұлдыздай ерте ағып түскен Көшенейдің жыраулық өнердегі орны ерекше, бөлек еді. Ол 1973 жылы 7 наурызда дүниеден өтті.