Мырзастан шыққан өз заманында Сыр бойының төменгі жағында, Шет, Ырғыз, Жармола, Жаманқала, Шалқар, Ембі, Егіндібұлақ, Төлеубұлақ, Миялы көл аймақтарында жыраулық өнерді ту етіп көтерген жырау, белгілі жырау Сарының (Жансүгір) шәкірті Тоғыс Тұрғанбайұлы 1879 жылы Арал өңіріндегі Ақшатау маңындағы «Қаракөл» деген жерде дүниеге келген. Он бес жасында сал ауруына ұшыраған жас Тоғыс, жергілікті емші-тәуіп Алпамыстың арқасында тірі қалып, тәуір бола бастағаннан бастап домбыраға, жыр, термеге ықыласы суып, жыраулық өнерге алғаш қадам басады. «Өнер тікелей анасы Ақсұлудан келген» – дейді көнекөздер. Жайық бойында балықшылықпен айналасқан, одан жалданып жылқы баққан жас өнерпаз кейін «Семіз малай» атанған.
Оның жыр қорында «Көрұғлы», «Мұңлық-Зарлық», «Кенесары-Наурызбай», «Қарға бойлы Қызтуған» т.б. дастан, қиссалары мен Сыр бойы шайырларының терме, толғау, мысалдары болған. Ол туралы жыраудың баласы Мінаждың жинақтаулары келініне аманат етіп тапсырылып, келіні Ләззат Қайыңбаева «Өмір өткелдері» атты жинаққа енгізеді. Жоғарыдағы жырау жайлы деректер сол кітаптан алынып, біздің қолға түсті. Өнер өкілін еске алып, кейінгілерге тәлім-тәрбие, өнер шежіресі тұрғысында тастап кеткен жыраудың ұрпақтарына, баспасөз парақтарына берген зейнеткер Амангелді Өткелбаевтарға алғысымыз шексіз. (Арал аудандық «Толқын» газеті, 8.06.2016 жыл).
Жырау Тоғыс Тұрғанбайұлы 1953 жылы 74 жасында өмірден өткен.