ДІНИСЛАМ ТОҚСАНБАЕВ
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев совхозында 1966 жылдың 7 тамызында дүниеге келген. Еңбек жолын құрылыс мекемесінен бастаған.
1984-1986 жылдар аралығында Украина мемлекетінде Отан алдындағы борышын өтеп келді.
1988-1995 жылдар аралығында Көмекбаев ауылдық клуб үйінің меңгерушісі қызметін, 2004 жылдан бастап Тұрмағамбет ауылында Жиенбай жырау үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқарып келеді. Сыр сүлейлерінің ізімен 2 мәрте Астана қаласының Конгресс Холында, 2 мәрте Алматы қаласының республика сарайында, «Хабар» телеарнасының арнайы түсірілуінде Дінислам Сыр сүлейлерінің мақам-саздарымен, жыр-термелерін, қисса-дастандарын жырлады. Алматы қаласының «Ауылдың алты ауызы» бағдарламасында өнер көрсетті.
2008 жылы өткен жырау Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты әнші-жыршылар байқауының Бас жүлдегері.
2009 жылы Дүр Оңғар Дырқайұлының 150 жылдығына аранлағн «Алқалап келген әлеумет» атты жыршы-термешілер фестивалінде мәдениет басқармасының арнайы дипломымен марапатталды.
2010 жылы әулие діни басшы Марал Ишанның тағлымын насихаттаудағы «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» атты аймақтық жыршы-термешілер фестивалінде мәдениет басқармасының арнайы дипломымен марапатталды. Облыстық бірнеше байқаулардың дипломанты, арнайы алғыс хаттарымен, дипломдарымен марапатталған. Сыр сүлейі, жырау Омар Шораяқұлының шөбересі. Қазіргі таңда Дінисламның шәкірттері аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүр. Облыстық теледидардың Сыр бойы дәстүрлі өнерді насихаттайтын «Сыр сүлейін сұрасаң...», «Жыр керуен» атты бағдарламаға қатысқан.
Бүгінгі таңда К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйіне қарасты «Жиенбай жырау» үйірмесінің жетекшісі.