ЕШБАЕВА АЙНҰР БОСТАНҚЫЗЫ

ЕШБАЕВА АЙНҰР БОСТАНҚЫЗЫ

(1975-1997 жж.)

Қармақшы ауданында дүниеге келген. Белгілі жырау Бидас Рүстембековтен сабақ ала жүріп, мектеп бітірісімен, 1990 жылы Қызылорда музыкалық училищесіне оқуға түседі. 

1995 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығында жұмыс істеді. Айнұрдың өнерге деген құмарлығы мектеп қабырғасында жүріп-ақ біліне бастаған. Он жасынан бастап әкесі Бостан Мақантайұлы өнер жолына баулыған. Айнұрдың өзінің қысқа ғұмырында жырау, термеші, сазгер, ақын ретінде облыстық, респубикалық байқауларға қатысып, жыр додасында алдына жан салмайтын хас жүйріктің өзі болды. Ол небәрі 22- ақ жыл ғұмыр кешті.

Ол өзінің жақсы жыршылығымен,  термешілігімен  елді  тәнті  еткен-ді. Ол әсіресе Нұртуғанның, Тұрмағамбеттің термелерін  шебер орындаған. Оның орындауындағы термелер, жырлар, дастандар Қызылорда қаласының радиосы  мен  теледидарының алтын қорына жазылып, қалдырылды.

Айнұр жырау жыршылығымен қатар ән де жазатын. Оның Кеңшілік Мырзабековтің сөзіне жазылған «Ғашықтық азап, азабы ғажап бірақ та» деп аталатын әні бар. Бұл ән – Айнұрдың артында қалдырған жалғыз мұрасы. Бұл ән  жастар арасында жиі айтылады. Бұл әнді қазір белгілі әнші, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісованың репертуарында республикалық сахналарда айтылып  жүр.

Жыр дүлдүлі Қармақшының біртуар қызы халықтың  жүрегінде мәңгі қалады.