КҮНСҰЛУ ТҮРІКПЕН
Kunsulu-Turikpen-Tolgau

КҮНСҰЛУ ТҮРІКПЕН

    Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында 1992 жылы 12 қыркүйекте дүниеге келген. 11 жасынан бастап өнерге жақын болды.

Мектеп қабырғасында жүріп 2015 жылы ҮІІ облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы фестивалінде І орынды иеленді. Осы жылы Қырғызстан қаласында өткен «Летняя школа традиционной музыки этники» атты дүниежүзілік жыраулар форумында өнер көрсетті. Астана қаласында өткен республикалық Дельфийлік ойындарының «Дәстүрлі ән салу» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді.

2006 жылы облыстық Ә.Егізбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жауынгер жүрек» атты жыршылар конкурсының  Бас  жүлдегері.

2006 жылы өткен республикалық К.Рүстембековтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Күміс көмей – Көшеней» атты жыршылар конкурсының арнайы жүлдегері.

2007 жылы Ақтөбе қаласында өткен Қобыланды батырды еске алу жылына ұйымдастырылған «Арқалы жырау жырласын!» атты республикалық конкурстың Жөкей Шаңғытбай атындағы арнайы жүлде иегері.

2010-2014 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып, «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша диплом алып шыққан. Ал 2015-2017 жылдары Қазақ Ұлттық өнер университетінде білім алуын жалғастырып, «Өнертану» ғылымдарының магистрі дәрежесіне жетті.

2018 жылы Халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасының «Терме» байқауы мен республикалық «Текті сөздің төресі – терме» жыршы-термешілер конкурсында Гран-приге ие болған, 2019 жылы республикалық «Тәуелсіздік толғауы» үздік шығармалар байқауында екінші, Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 175 жылдығына арналған «Мұхиттан қалмыш теңіз жыр» атты республикалық жыршылар байқауында үшінші орындарды алған

Осы жылдарда Ұлыбритания, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінде өнер көрсетіп, қазақтың жыршылық дәстүрін насихаттауға үлкен үлес қосқан. Оның репертуарына қазақтың ақын-жырауларының 200-ге тарта жыр-термелері, «Көрұғлы», «Қарасай- Қази», «Орақ, Мамай» эпостық жыр-дастандары берік енген. Сондықтан осынша мол дүниені жас талант екі тәулік бойы тоқтамай айта алатындай биік белеске дейін көтерілген.