Қазалы ауданы, Өркендеу ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Майдангер жырау, кәсіподақ саласының ардагері, облысқа белгілі жыршы-термеші Әмитжан Бөріқұлақов Сыр өңіріне танымал тұлға.Қашаған жыраудың, Балқы Базардың, Кете Жүсіптің, Нұртуғанның, т.б көптеген халық ақындары мен жырауларының шығармаларын орындайтын және өзі де термелер шығарған.
Әмитжан Бөріқұлақов 1942 жылы майданға аттанды.
Өнер иесінің сахнаға шығып, жыр-термеге шындап ден қойғаны бертінде ғана. Облысқа танымал жыршы-термешілердің санатына қосылды. Негізінен, Қашаған жыраудың, Балқы Базардың, Кете Жүсіптің, Бұқар жыраудың, Нұртуғанның, Қарасақал Ерімбеттің, Мұрын жыраудың, Байназардың, Нұрсұлтан Жұбаттың және өзінің жыр-термелерін орындады.
1980 жылы жыршы-термешілердің облыстық байқауының лауреаты атанды. Келер жылы жұртшылық республикалық қазақ теледидарынан Әбекең ағамыздың жыршы-термешілік өнерін тамашалады. 1986 жылы Қазалы халық оркестрінің құрамында Алматы қаласының халқына өнерін бағалатты. Қазақ теледидарына түсіріліп алынған жыр-термелері алтын қорға жазылды. Өзіндік мәнерлі мақамы бар, терме-жырлардың сөздерін анық айтып, мазмұнын халыққа ұғымды жеткізуге қабілетті азаматтың өнерін тамашалауға халықта құмар болды.
Әмитжан Бөріқұлақов 1988 жылы дүниеден озды.