АҚДОС (ШЕРНИЯЗ) ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ

АҚДОС (ШЕРНИЯЗ) ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ

 

Атағын Ақдос ақтаған,

Бедеудей өзін баптаған.

Кіші жүзге белгілі,

Есіткен адам мақтаған.

Өлең мен жырдың қадірін,

Алтындай таза сақтаған...

Әлиәкбар Жұматаев.

 

          Жауынгер жырау Жолдасбай баласы Шернияз (Ақдос)

1906 жылы Қармақшы өңірінде дүниеге келген. Анасынан екі жасында жетім қалған Ақдос, әкесі Жолдасбай Қалпенің соңында жүріп, жетімдіктің азарын бір адамдай-ақ тартқан адам.

          Сыр өңірінің жайлаған Кіші жүз, Кете аталығының Киікші тайпасынан шыққан Ақдос жетімге тән әртүрлі жұмыстарда жүріп-ақ өзінің өлеңге, әнге, домбыраға деген құмарлығын жоғалтқан жоқ.

          Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде, сауда мекемелерінде, Қызылорда қаласындағы Макаренко атындағы жетімдер үйінде жұмыс істеген жас Ақдос 1941 жылдың күзінде Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыстан екінші дәрежелі мүгедек болып оралды. Өмірінің соңына дейін Сырдария ауданы орман-тоғай мекемесінде орманшы болып қызмет етті. Қазіргі Александровск қыстағы мен Геологтар  қыстағы аралығында «Ақдостың бағы» деген бақ бар. Сол бақ Ақаңның өз қолымен отырғызылып, баптаған бағы. Сол жұмыста жүрген кезде соғыстан кейінгі жадаң көңілді елдің еңсесін көтеру, рухани жағынан демеп жіберуде жырау өз өнерін елден аяған жоқ. Ақдос жырау  1966 жылы Қызылорда қаласында қайтыс болды.

          Жыраудың жыр қорында «Раунақ», «Алтын балық», «Көрұғлы», «Шәкір-Шәкірат», Тұрмағамбеттің «Рауа бануы», Омардың « Қара шекпені». Сыр өңіріндегі белгілі ХХ ғасырдың бас кезіндегі 16 ақынның айтысы, Сыр өңірі шайырларының терме толғаулары болған. Ақдос жыраудың дауысы Сыр бойы жұртшылығы, Өзбекстанның Қазақ ауылдары, (Тау-Елібай). Қарақалпақ Түрікпенстан қазақтарының әлі күнге дейін құлағында.

          Жыраудың өз орындауындағы 10-12 сағаттық даусы жазылған магниттік үн таспасын, соғысқа дейінгі, кейінгі кезеңдерде жазылған, бұрын баспа беттерін көрмеген қолжазба қорын, жыраудың өзі пайдаланған құрама домбырасын таза сақтап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі өнер -жыр» кафедрасының фонатекалық қорына табыс еткен.