Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында (бұрынғы Қазалы уезі Қуаңдария болысы 1 ауыл) дүниеге келген. Жасында ауыл молдасынан сауаттанған Ешнияз сол заманда білімді адамдардың бірі. Суырып салма ақын,жырау, сазгер. Халық арасында «Ешнияз сал» деген атақ алған. Мұндай атақ Сыр бойындағы ақын-жырауларда кездеспейді. Ешнияз атақты күйші, оның ішінде өзі де күй шығарған, әншілігіне қоса өзі шығарған көптеген әндері бар. Ел арасында «Ешнияз шығарған әндер» деп «Әуия», «Ой-ой», «Айжан-ай», «Гөй-гөй», «Жүрек сазы», «Дүрдараз», «Желдірмая» әндерін айтады. Атақты зерттеуші А.Затаевич 1925 жылы Орынборда шығарған «Қазақтың мың әні» жинағына Ешнияз әндерінің алтауы енген. Ешнияз айтыс ақыны есебінде де орны ерекше. Сералы қожамен, Кенекес ақынмен айтысқан.
Ырысты қыздың жұмбағын шешуге қатынасқан Сыр бойының 16 ақынның ішінде Ешнияздың да жауабы бар. Ешнияз қисса, дастан, толғаулар да жазған көрінеді, бірақ бізге жеткендері бірнеше өлеңдері ғана, көпшілік өлеңдері сақталмай, жоғалып кеткен. Ешнияз өнердің әр саласында да биік болып, ел есінде қалған. Ешнияз ұрпақтары да ата жолын жалғастырған Сыр елінің айтулы өнер тұлғалары. Ешнияздан бес бала болған. Олар Әбдіқан, Жүсіп, Жанпейіс, Мүсілім, Кенжебек. Ешнияздың жолын қуып, атағы елге жайылып, халқынан «Кете Жүсіп» деп атақ алған ақын ұлы Жүсіп қазақ елінің белгілі ақыны болды.