АБДУЛМАНАП ҚАРАТАЕВ

АБДУЛМАНАП ҚАРАТАЕВ

(1913-1981 жж.)

             Қармақшы аумағындағы Ақтайлақ-Кезеңде дүниеге келген. Руы Киікші Кете. Соғыстан соң Жамбыл қаласындағы ветеринар техникумын бітіріп, мамандығы бойынша еңбек еткен. Осы жұмыстан зейнеткерлікке шыққан. Жасынан өлең-жыр, жыршылыққа қызығып өскен жас Манап ағалары Ақдос, аталары Сүйкімбай, Сүйіндіктерге еліктеп той-томалақтарда өлең айтып «бала жырау» атанады. Кейін ұзақ-ұзақ дастандарды жаттап топқа да түскен. Өмірдің ащы азабын көп көрген жас жырау, өнердің ізіне түпкілікті түсе алмады. Өлең жазды, соғыс кезіндегі жауынгерлер хаттарын, өзінің соғысқа кеткен аға-інілеріне жазған өлеңдерін ел алдында орындап, елдің рухани көңілін көтеруге үлес қосты.

          Оның жыр қорында Кете-Шөмекей руларынан шыққан шайырлардың шығармалары, терме, толғаулары, қисса-дастандары бар.

          Оның өзінің өмірі жайлы толғаулары мен «Алтын балық» дастаны жазылған магниттік таспасын жұрт әлі де тыңдайды. Оның әскердегі інілері Жолман мен Қонақбайға жазған толғаулары 2010 жылы Алматы қаласынан «тіл» оқу-әдістемелік орталығынан шыққан Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдығына арналған «Майданнан хат» атты жинағына енген.

          Ұрпақтары Қызылорда, Астана, Байқоңыр қалаларында тұрады. Жыраудың дауысын сақтаған, өмірдерегін берген балалары Ескермес пен Еділге ризашылығымыз зор. Жырау Қызылорда қаласында дүниеден өткен.